Сенат депутаты әйелдердің зейнетке шығу жасын төмендетуді ұсынды

Inbusiness.kz
Inbusiness.kz
Оның айтуынша, әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Сенатор Дана Нұржігіт әйелдердің зейнетке шығу жасын 58 жасқа дейін төмендетуді ұсынды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап. 

Ол Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында 2015 жылы әйелдердің зейнеткерлік жасын ұлғайту туралы шешім Қазақстанда 71 жасты құрайтын орташа өмір сүру ұзақтығын ескере отырып қабылданғанын еске салды. 2021 жылы бұл көрсеткіш 70 жасқа дейін төмендеді. Сонымен қатар, 2020 жылы пандемияға байланысты елімізде өлім-жітім 22%-ға өсті. Дана Нұржігіттің пайымынша, БҰҰ болжамдарына сүйеніп жасалған 2015 жылғы зейнетақы реформасы аясында 2022 жылы Қазақстанда өмір сүру ұзақтығы әйелдер үшін 78 жасты және ерлер үшін 70 жасты құрайды деген көрсеткіш нақты жағдайға сай келмейді. Оның айтуынша, әйелдерге белгіленген зейнетақы жасы жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейіне де әсер етеді.

«Бүгінгі зейнетақы заңына сәйкес азаматтар жұмыс орындарын босатпай, 60-63 жасқа дейін отыра беретін болса, артынан келе жатқан жаңа буынға жұмыс жоқ деген сөз. Соңғы кездері Үкіметтің зейнетақы саласына назар аударып, ауыр мамандық иелерінің зейнетке шығу жасын қайта қарауды қолға алып жатқанын білеміз. Осыған байланысты, азаматтардың сенаторларға жолдаған көптеген өтініштерін ескере отырып, әйелдердің 58 жасында зейнетке шығу жасын белгілеуді, ал еңбегін одан әрі жалғастыру мәселесін өз еркіне қалдыруды ұсынамыз», - деді Дана Нұржігіт Сенаттың жалпы отырысында. 

Сенатордың айтқан деректері бойынша, қазір Қазақстанда 453,1 мыңға жуық жұмыссыз адам бар. Оның ішінде 15-28 жас аралығындағы 9 262 адам жұмыс іздеп жүр және оларға жыл сайынғы жоғары оқу орындарының түлектері қосылады. Олар да әрдайым уақтылы жұмыс таба алмайды.

Новости партнеров