12 жылға сотталған азамат қазіргі уақытта жазасын қатаң тәртіптегі мекемеде өтеп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Қазіргі басымызға төнген пандемия кезеңі темір тордың арғы жағында отырған сотталғандарға да өз әсерін тигізді. Туған туыстарымен кездесу де, мекемедегі барлық іс-шаралар да тоқтатылды. Сотталғандардың әрқайсысы қолынан келетін іспен айланысып, өздерін ерекше көрсетіп жатқанын атап кеткен жөн. 12 жылға сотталған азаматтың Ұлы Абай портретін ерекше ынтамен салды. Бойындағы осындай бір керемет өнерін көрген мекеме әкімшілігі бұл туындыға таңдана қарап, алдағы уақытта осы картина балабақша немесе мектеп-интернатқа тарту етпекші.
«Қолымнан осындай өнер келетініне қуанамын, темір қапаста отырғаныма төрт жыл болды. Енді сегіз жылым қалса да, болашақтан үмітімді үзген емеспін. Анама, жанұяма, балаларыма деген сағынышым жаныма жылу береді. Жасаған қылмысым үшін жазамды толығымен өтеп, жаңа өмірімде өкініш болмаса екен деймін. Осы бір туындымды мекеме әкімшілігі арқылы балабақшаға немесе мектеп-интернатқа сыйлық ретінде ұсынсам ба деп отырмын. Ертеңдері жұмысымды толығымен аяқтаймын», – дейді ағынан жарыла Мақсат.