Баспанамыз басымызға құлайтын болды: Алматы облысының тұрғындары көмек сұрайды

17.04.2024 20:01

Жібек жолы ауылындағы 4 шаңырақ дәрменсіздің күнін кешіп отыр

Аlmaty.tv

Алматы облысы Қарасай ауданында қызыл сызықтың бойында қалып қойған бірнеше үй сүрілуі тиіс, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

4 жыл бұрын сүрілуі тиіс Жібек жолы ауылындағы 4 шаңырақ дәрменсіздің күнін кешіп отыр. Тұрғындар бір жағынан көпір салынып, енді бір жағынан теміржолмен қоршалып қалған.

Осыдан 5 жыл бұрын Шамалған ауылында қалың кептелістің кесірінен жолаушылар автобусы мен пойыз соқтығысып, 1 адам мерт болған. Жантүршігерлік жағдайдан соң шенеуніктер сол маңда көпір құрылысын қолға алған. Өткелдің екі жағында орналасқан үйлер сатып алынып, сүрілді. Жоба тек Жібек жолы ауылының түбіндегі 4 үйді елеусіз қалдырған. Содан бері тұрғындардың тұрмысы күрделеніп, күн көруі қиындап кеткен.

- Кеше әкімдік кран әкеліп, көпір құрылысын қайта бастады. Тұрмыстық жағдайымыз ауыр, газ жоқ, су жоқ, электр жарығы да жоқ. Тоңазытқышымыз электр қуатының ауытқуынан күйіп кетті. Бұрынғы заманның адамдарындай болып отырмыз, - дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Зәуреш Боранбаева. 

- Үйімізге қарай су келіп жатыр. Электр жарығын өзіміз тартамыз. Күнкөріс қиын боп кетті. Міне, көл жатыр, айналаны су басып кетті, - дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Жексенбай Құттымұрат.

Көпір салу құрылысы басталғанда Іле ауданына қарасты 10 үй сүрілген. Ал көпірдің сол жақ іргесінде қалып қойған Қарасай ауданына қарайтын 4 үй сол күйі қалған. Тұрғындардың айтуынша, 4 жыл бойы үздіксіз жүргізілген құрылыс жұмыстарынан үйлердің қабырғалары сөгілген. 

Жергілікті әкімдікте тұрғындар мәселесі еленбеген соң, облыстан үйлердің сапасын тексеретін арнайы комиссия шақыртыпты. 11 адамнан тұратын топ бір ауыздан баспаналарды тұруға жарамсыз деп таныған.

Ауыл жұртшылығы көпір құрылысымен танысуға келген Көлік министрімен де кездесіп, уәжін жеткізген екен.

- Үйіміздің қабырғасы құлап жатыр. Қолымызда арнайы ескерту құжаты бар. Бірақ мәселе шешілмей тұр. Көпір құрылысымен танысуға келген Көлік министірі Марат Қарабаевқа да жағдайымызды айттық. Ол осы 4 үй сүріледі, облыс әкімімен сөйлесіп, шешемі болады деп кеткен. Бірақ уақыт бір айдан асып кетті. Нәтиже жоқ, - дейді Жібек жолы ауылының тұрғыны Нұрғали Қасымов.

Мәселені біле, көре тұра шенділер тілшілермен тілдесуге асықпады. Бірі тұрғындар алдына келе алмаймыз деп, енді бірі келісілген жерден ескертпей кетіп қалған. Ақыры Қарасай ауданы әкімдігіне барып, жауаптыларды жұмыс орындарынан іздедік. Сондағы бір сағаттан соң жеткен жер қатынастары бөлімі басшысының жауабы мынадай болды.

- Бардық, көрдік, бір шешімге келдік. Ол кісілер бізге сотқа шағымданамыз деді. Сотқа шағымданған екен, сотта олардың шағымын қарастырмады. Қандай құзырлы мекемеге бару керек екенін айттық. Құлайын деп тұрған баспаналарға сараптама жасату керек. Сотқа шағымдансын, соттың шешімі шықсын. Немесе Қазавтожолға барсын, - дейді Қарасай ауданы әкімдігі жер қатынастары бөлімінің басшысы Ғазиз Малдыбаев.

Ал көлік министрлігінен жерді мемлекет меншігіне өткізіп, сүрудің бірден-бір шешімі - сотқа қайта жүгіну деген жауап алдық. Енді оқшауланып қалған ауыл тұрғындары ауданға ұжымдық шағым түсіріп, сотқа беруі керек. Көмекті 4 жыл сарыла күткен ағайын ендігі жерде кімге жүгінерін білмей, амалсыз апатты үйлеріне қайта оралуға мәжбүр.

Әйкерім Пернебек, Сағынғали Мұңайтпасов, "Алматы" телеарнасы, Алматы облысы.

Оқи отырыңыз: Су басқан өңірлерде 16 мың адам үйіне оралды – ТЖМ