Қытай соты Ақжарқын Тұрлыбайдың ісін қайта қарауда

03.09.2019 22:55

Ол 2014 жылы Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын

Қытайдың Гуанчжоу сотында есірткі контрабандасымен айыпталған Ақжарқын Тұрлыбайға жақын күндері үкім қайта шығады. Еліміздің сыртқы  істер министірлігінің  мәлімдеуінше бүгін аталған  қылмыстық іс бойынша сот отырысы өткен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, сотқа  қорғаушылар, Қазақстанның Қытайдағы елшілігінің өкілдері, Ақжарқын Тұрлыбайдың анасы және аудармашы да қатысқан. Екі сағатқа созылған сот тыңдалымы барысында  Ақжарқын сот тарапынан қойылған сұрақтарға өзі аудармашысыз-ақ, қытай тілінде жауап берген. Қазақ қызының қиын тағдырына алаңдаған ел тұрғындары  оның тым болмағанда жазасын елде өтуіне мүмкіндік берілсе дейді.

Қытай түрмесіне тоғытылған қазақ қызына отандық дипломаттар өз қалтасынан көмектесіп жатыр. Жуық арада үкім жарияланбақ. 

Бұл сот – Ақжарқын үшін жазасын жеңілдетуге берілген  соңғы мүмкіндік.  

21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталған болатын.