Депутаттар азық-түлік бағасын болжау бойынша жүйелі жұмыс жүргізуді ұсынды

Almaty.tv
Almaty.tv
Әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы жылдан жылға шарықтап келеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Депутаттық корпус азық-түлік тауарларының бағасының көтерілу мәселесін бірнеше рет қаузағанымен, еш нәтиже болған жоқ. Мәжіліс депутаты Ғалым Әміреев Премьер-министрдің орынбасары Роман Склярға жолдаған сауалында Үкімет тарапынан берілген жауапқа қанағаттанбағандарын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Депутаттың сөзінше, әлеуметтік маңызы бар өнімдердің бағасы жылдан жылға шарықтап келеді. Ол проблемадан шығудың бірден-бір жолы – ел ішінде де, шетелде де ауыл шаруашылығы өнімдерінің бағасын болжау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілу керек.

«Бүгінде қажетті инфрақұрылым бар, қаржыландыру мәселесі шешіліп жатыр, жылдан жылға тұрақтандыру қорларын қаржыландыруды ұлғайтудамыз. Алайда басқару мен болжаудың бірыңғай орталығы, нақты жұмыс жоспары жоқ, бағаның әрбір күрт өсуінен кейінгі салдармен ғана күрес жүргізіледі, бағаны тежеу жөніндегі жұмыстағы сәтсіздіктер үшін жауаптылық көзделмеген, яғни, қашан әрі не сатып алу және проблемаларды қалай шешу керек екені туралы нақты сигнал беретін ешкім жоқ», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Ғалым Әміреев.

Депутат Құдайберген Ержан да Роман Склярға жолдаған сауалында шаруаларды қаржыландыру мәселесінде кемшіліктердің көптігіне назар аударды. Оның сөзінше, дер кезінде қаржыландырылмау салдарынан шаруалар су, тыңайтқыш, агротехникаларды ала алмай көздеген мақсаттарына жете алмай жүр.

«Еуропа нарығында газ бағасының өсуіне байланысты минералды тыңайтқыштарға сұраныс жоғары. Сол себепті отандық өндірушілер экспортқа бетбұрыс жасауда. Сонда отандық диқандардың жағдайы не болмақ? Міне, осы жайттардың барлығы соңғы өнімнің өзіндік бағасына әсер етеді. Жылда қайталанатын, шешімін таппайтын мәселені біржолата жолға қою Үкімет пен жергілікті атқарушы органдардың міндеті емес пе?», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты¤ Құдайберген Ержан.

Новости партнеров