Елімізде үй жануарларын қорғайтын заңды күшейту керек – алматылық еріктілер

23.02.2021 19:56

Жақында ғана Ішкі істер министрлігі де жануарларға аяусыз жәбір көрсетіп жүрген бұзақыларға арнайы заңды күшейтуді ұсынды

Алматылық еріктілер елімізде үй жануарларын қорғайтын заңды күшейту керек екендігін айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Олардың айтуынша қоғамда қаңғыбас иттер мен мысықтардың көбеюі адамдардың оларға деген қатігездігі мәселені ушықтырып тұр. Сондықтан еріктілер қазірден бастап жануарларға қамқорлық танытуды қолға алған.

«Шыны керек қазіргі уақытта үй жануарлары ауырып қалатын болса, адамдарға керегі болмай қалады. Дәл қазір сондай 16 жануар бар. Қалғандары ветеринарлық клиникада емделіп жатыр. Бұлардың барлығы да басында қатты аурушаң болып келеді. Қазір жағдайлары жақсы», деді ерікті Оксана Запуниди.

Ветеринарлық орталыққа да жануарлардың өмірін сақтап қалу үшін тырысып жатыр.

«Бес күннен кейін табылды. Екі аяғы төрт жерден сынған. Қазір оған ота жасайын деп жатыр. Өте күрделі операция. Қазіргі таңда иелері иттерін далаға өздері лақтырып жіберетін жағдайлар кездеседі», деді ерікті Гауһар Серік.

«Еріктілер жануарларға көмектессе де, бұл мәселе онымен шешілмейді. Қоғам болып жануарларға жанашырлық таныту керек. Кішкентай күшіктерді аяусыз қорлаған жандар ертең адамға да солай қатігездік танытпасына кім кепіл? Сондықтан заңды күшейтсе деген тілегім бар», деді «Сенім-мейірім» жануарларды қорғау қоғамдық қорының өкілі Зинаида Кушманова.

Жақында ғана Ішкі істер министрлігі де жануарларға аяусыз жәбір көрсетіп жүрген бұзақыларға арнайы заңды күшейтуді ұсынды. Қылмыстық кодекстің  313-ші, 316-шы және 408 баптарын қатаңдату мәселесі қаралып, 14 миллион теңгеге дейін айыппұл төлеу мүмкін екенін атап өтті. ал, мұның қашан жүзеге асатыны әзірге белгісіз.

Мерей Қанапиянов, Сағынғали Мұңайтпасов АТ