Бұл туралы Данияр Сұлтанов мәлім етті
Елімізде күзет қызметкерлеріне қойылатын талап пен оларды даярлау жоспары қайта қаралу үстінде. ҚР Ішкі істер министрлігінің Күзет қызметін бақылау департаментінің сарапшысы Данияр Сұлтанов мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Қазіргі таңда біздің департамент күзетшілерді даярлаудың типтік оқу жоспарын қайта қарап жатыр. Жаңа жоспарға сәйкес күзет және терроризмге қарсы күрес тақырыбына арналған теориялық және практикалық тапсырмалардың саны арта түспек. Бүгінде күзетшілерді кәсіби даярлау – күн тәртібіндегі маңызды сұрақтардың бірі. Себебі, күзетші қызметкерлер қоғам қауіпсіздігі үшін жауапты мамандардың бірі. Елімізде күзетшілерді әзірлеудің өзіндік талабы бар, ендігі уақытта аталған талаптар жетілдіріле түспек. Жаңа өзгеріс тек күзетшілерге ғана емес олардың даярлайтын орталықтар мен мамандарға да қатысты», – деді Данияр Сұлтанов «Kazakhstan Security Systems -2021» атты республикалық конференция барысында.
Оның айтуынша, күзетшілер біліктілігін заңды тіргелген арнайы оқу орталықтарында жетілдіруі тиіс. Және даярлық теория мен практикадан тұрады. Бұған дейін сарапшы күзет қызметімен айналысуға лицензияның қандай талаппен берілетінін айтып берді.