Солтүстік Қазақстан өңірінің тұрғындарынан ұйқы қашып, көктем жақындаған сайын үрейленіп отыр. Оған себеп өңірде 90-ға жуық елдімекенді су басу қаупі бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Биыл өңірде қар қалың. Оның құрамындағы ылғалдың мөлшері нормадан бірнеше есе көп. Валерий Малашенконың айтуынша, биылғы қар-судың мөлшері еселеп көбейген, алайда ешкім оны тазартуға асықпайды. Үйдің іргесіндегі қар үйінділері күн жылынғанда еріп, баспананы толық басып қалуы мүмкін.
– Күн жылыса су басып қалады. Қарды үйдің қоршауына дейін шығарып, тіреп қойдық. Мен көлікпен жолға шығардым, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Валерий Малашенко.
Өңірде 87 елдімекенді су басып қалуы мүмкін. Төтеншеліктер бұл ахуалға байланысты іс-қимыл тәртібін пысықтау және залалдың зардабын азайту үшін оқу-жаттығулар өткізіп жатыр.
– Есіл өзенінің деңгейі 2017 жылғыдай көтерілмейді. Сондықтан 2017 жылы су тасқынынан кейінгі талдау бойынша есепке алынған үйлер мен елдімекендерге баса назар аударамыз. Онда да су тасқынына қарсы іс-шаралар өткізілетін болады. Алдағы ақпан, наурыз айларында жауын-шашын қандай болатынын уақыт көрсетеді, – деді облыстық ТЖД бастығы Ерік Сарыбаев.
«Қазгидромет» мамандары өңірде қардың еру үрдісі наурыздың алғашқы онкүндігінде артатынын хабарлайды. Алайда елді қардың қалыңдыңы алаңдатады. Қазірдің өзінде «Сергеев» су қоймасы 88 пайызға толған.
– Қар жамылғысының сумен араласуы алаңдатып отыр. Орташа көпжылдық мәндер бойынша бұл көрсеткіш 1,5-2 есе, ал былтырғымен салыстырғанда кейбір жерде 4 есе асады. «Қазгидромет» алдын ала гидрологиялық болжам жасады. Нәтижесінде ылғал қорының көлемі СҚО бойынша көпжылдық мәндерден 40 пайызға артық, – деді «Қазгидромет» РМК Солтүстік қазақстан филиалының директоры Қымбат Мерғалімова.
Дегенмен мамандардың болжамына сәйкес 2017 жылғы жағдай қайталанбайды. Жауаптылар сақтық іс-шараларын естен шығармайтынын айтты.
Айта кету керек, 7 жыл бұрын СҚО-да 380 тұрғын үй мен 5 мыңнан астам саяжайды су басып қалған.
Әйкерім Пернебек, Азамат Елубаев, «Алматы» телеарнасы, СҚО
Оқи отырыңыз: Техногендік апат: Алматыда көшкін қайталануы мүмкін бе