Жалпы аталған салаға қатысты 104 қылмыстық іс қаралған
2,5 миллиард теңге. Бұл - парақорлардың мемлекетке келтірген шығыны. Сома толықтай қазынаға қайтарылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігіне сілтеме жасап.
Былтыр тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығында 20 лауазымды тұлға жемқорлық әрекеттері үшін жауапқа тартылған. Жалпы аталған салаға қатысты 104 қылмыстық іс қаралған екен. Негізінен су тазалау нысандарын салу, су жүйелеріне қажетті құрылғыларды тарту, көшелерді жарықтандыру және көріктендіру жұмыстары барысында пара алу фактілері көп тіркеледі екен. Сондай-ақ тендер өткізу барысында да қыруар қаржы жымқырылған.
«Негізінен жүргізілген талдау бұл саланың әрбір бағыты ісжүзінде жоғары сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ұштасқанын көрсетеді. Бұл саладағы қылмыстар мемлекеттік апараттың имиджіне теріс әсер етеді. Азаматтардың сеніміне нұқсан келтіреді. Дамуға қауіп төндіреді. Экономикалық және ұлттық қауіпсіздікке зиян келтіреді», – деді ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің 1-департаментінің аға тергеушісі Данияр БИГАЙДАРОВ.
Ал, «Қазақавтодор» компаниясына қысқы уақытта жолдардағы қарды дұрыс тазаламағаны үшін 29 миллион теңге көлемінде айыппұл салыныпты. Бір жылдың ішінде жұмыстарынан 1500 кемшілік анықталса, оның 50-і биыл тіркелген.
«Алматы - Өскемен трассасына біздің өкілдер қоғам өкілдерімен бірлесіп шыққан болатын. Ең бірінші шыққанда бұл трассада қысқы күтіп ұстау бұзушылықтары табылған болатын. Оны жою бойынша предписание берілген болатын. Бірақ екінші рет барған кезде кемшіліктер жойылған жоқ. Соған байланысты олар әкімшілік-құқық бұзушылыққа теңеліп, 462 баб бойынша 500 МРП айыппұл төлейтін болды», – деді «Сапалы жол - адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің әкімшісі Нұрсұлтан БЕКІНОВ.