Есеңгіреп қалдық: Bek Air компаниясы екі күндік үнсіздіктен кейін баспасөз мәслихатын өткізді

Есеңгіреп қалдық: Bek Air компаниясы екі күндік үнсіздіктен кейін баспасөз мәслихатын өткізді
Роман Скляр ұшақ апатына байланысты Bek Air-дің түсініктеме бермегеніне шүйлікті
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Құрылыс нысаны болмағанда, ұшақ ішіндегілер дін аман қалатын еді. Бүгін Бек Эйр компаниясы әуе апатына қатысты осындай мәлімдеме жасады. Сондай-ақ, олар бүгін баспасөз мәслихатын өткізіп, Фоккер 100 ұшағының құлауына не себеп болуы мүмкін екенін жеткізді. Оған қоса, бортында 93 жолаушыны апара жатқан марқұм командир Марат Мұратбаевтың соңғы әрекетін еске түсірді,  деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Bek Аir компаниясы 2 күндік үнсіздіктен кейін баспасөз мәслихатын өткізіп, неліктен жағдайға қатысты бірде-бір түсінік бермегендерін айтты. Сөздерінше, абдырап қалған олар апат болған жерді үйінділерден тазартуға көмектесіп, оқиғаның басы-қасында жүрген. Қайтыс болғандардың үйіне әлі ат ізін салмадық деген олар қаза болғандардың рухына тағзым етіп тілшілермен кездесуді бір минут үнсіздіктен бастады.

«Бүгін неліктен 2 күн сіздермен байланысқа шықпағанымызды айтайын. Өзімізде болған оқиғадан соң есеңгіреп қалдық. Бұл іс біздің басымызға түсті. Сіздермен бірге біз де қайғырдық. Оқиға орнында жүріп, эвакуацияға қатыстық. Үйінділерді тазартуға көмектесіп, сонда жүрдік. Оған қоса, сіздерге нақты ақпарат жинастырып, бөлісуге дайындалдық»,  – деді Bek Аir әуекомпаниясының басшысы Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ.

Bek air әуе компаниясы ұшақ апатына қатысты өз болжамымыз бар дейді. Олар әуе кемесінің құлауына «бағыттас із» себеп болуы мүмкін деп отыр. Есте болса, Fokker 100 ұшағы Алматы әуежайынан ұшар алдында сол жолақта Airbus 321 борты ұшқан еді. Қуаты мықты, жаңа қозғалтқыштары бар әуе кемесінің салмағы 89 тонна екен. Ауыр әрі үлкен ұшақтың соңынан ағынды жел ілескен. Ауа ағындары бұрқасынға ұласып, артынша ұшып шыққан көлемі кіші, салмағы екі есе жеңіл Fokker 100 ұшағын шайқалтып жіберген.

«Ұшақ апатының болуына бағыттас із болуы мүмкін деген болжамымыз бар. Жалпы ондай із әр ұшқан әуе кемесінің артынан қалады. Ұшақ салмағының ауырлығына қарай іздің де көлемі үлкен болады. Біздің жағдайда, екі ұшақтың ұшу аралығы 1 минутты құрады. Негізінде екі әуе кемесінің арасында екі минуттай уақыт өту керек еді. Құйын тарамай жатып, ұшақ көкке көтерілген», – деді Bek Аir әуекомпаниясы ұшу қызметінің басшысы Эрик САПАРОВ.

Оған қоса, Bek Аir компаниясы тура ұшып-қону жолағы жанындағы нысан болмағанда алдыңғы жақта отырған жолаушылар аман қалатын еді дейді. Ұшақта техникалық ақау болмады деген олар ұшқыш жерге әуе кемесін қауіпсіз қондыруға бар мүмкіндігі болды деп отыр. Тіпті марқұм командир да дұрыс әрекет еткен дейді. 4 тоннадай әуе жанармайы бар бакты жауып үлгерген. Әйтпегенде, жағдай мүлдем қиын болатын еді дейді компания өкілдері. Өз кезегінде, үйі қирап қалған үй иесіне тиісті құжат әкелсе, өтемақы төлеуге дайы екендіктерін жеткізді.

«Ұшақ сырғанап барып, қоршауға соғылды. Сол жағымен үйдің жанына барып соғылды. Сонда ұшақтың алдыңғы жағы нысанның ішіне ұрылды. Әуежайдан бар болғаны 10-12 метрде үй тұрғызып, оның үстіне қалыңдығы 3 кірпіштен тұрады. Сіздерге айтпағым, ұшақ кез келген жағдайға дайын болады. Соған қарай әрекет етеді. Мәселен, шассисіз, қозғалтқышсыз да жерге қона алады. Бірақ, ұшақ үлкен құрылысқа соғылып, аман қалуды жобалай алмайды», – деді Bek air әуекомпаниясының басшысы Нұрлан ЖҰМАСҰЛТАНОВ.

Еске сала кетейік, 27 желтоқсан күні Алматыдан Нұр-Сұлтанға бет алған Bek Аir ұшағы Алматы маңындағы Гүлдала ауылында апатқа ұшырады. Таңғы сағат 7-ден 21 минут өткенде ұшуға аттанған әуе кемесі араға 4 минуттан соң радардан жоғалып, жерге құлады. Бортта 93 жолаушы және бес экипаж мүшесі болған.

Жадыра Омаржан, Нұржан Оразбеков, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров