Екі жарым мыңнан аса өтініш келіп түскен
Алматыда жыл басынан бері тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарынан екі жарым мыңнан аса өтініш келіп түскен. Жәбірленушілер тәртіп сақшыларына көп жағдайда ерлі-зайыптылардың бірі ішімдік ішіп, қол көтергенде ғана хабарласады екен, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
48 жастағы Арайлым Мамытова Алатау ауданында отбасымен пәтер жалдап тұрады. 24 жыл жолдасымен заңды некеде тұрып, тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбаны екенін енді ғана түсінген. Ащы суды серік еткен жолдасы ішімдікке сылқия тойып алып, әйеліне жұдырық жұмсайды екен. Біріншіден, ел алдындағы ұятты ойлап, одан соң балаларының толық отбасында өскенін қалаған келіншек осы күнге дейін барлығына шыдап келген. Жолдасының 5 жыл бойы жұмыссыз жүргені тағы бар. Қазір отбасын үлкен ұлы асырып отыр.
«Күні бойы ұрысамыз. Төбелесеміз. Сыртқа қашып кетемін. Ол ұйықтағанша жүремін. Балам болған кезде қорықпай отырамын. Балам ұрғызбайды. Белдікпен сабады. Көшеге шығарып, елдің көзіне көрсетіп, шашымнан сүйреді, тепті. Небір қиыншылықтарды көрдік қой. Сондай қатты қиналдық», – деді қала тұрғыны Арайлым Мамытова.
Тұрмыстан қажыған келіншек осы уақытқа дейін басына түскен қайғыны тек өзі көтеріп келген. Өйткені оған ешкім көмектесе алмайды деп ойлаған. Бірақ пікірі қате екенін кейін түсінген. Енді жолдасы ішімдік ұрттаса, бірден тәртіп сақшыларына жүгінетін болған. Соңғы рет учаскелік полицей оған қорғау нұсқамасын жазып беріпті.
«Участкелік полициясын шақырамын. Бұрын білмей, жылап жүре беретінмін. 102-ге звондап, полиция шақырдық. Алып кетеді. Бірақ 1-2 сағатқа ғана. Мен де қорықпайтын болдым. Бұрын ол келетін кезде қатты қиналып, шошып жүретінмін», – деді қала тұрғыны Арайлым Мамытова.
Тәртіп сақшылары үйінде күш көрсететіндерге әкімшілік, тіпті қылмыстық іс қозғай алады. Әрине, барлығы зардап шегушінің алған дене жарақатының деңгейіне байланысты сараналанады. Дегенмен ішімдік ішіп, отбасы мүшелеріне күш көрсететіндерге бұл да тосқауыл болмай тұр.
«Егер сізге жұбайыңыз қол көтерсе, онда міндетті түрде тәртіп сақшыларына хабарлау керек. Оның тигізген зардабына байланысты тиісті медициналық сараптама тағайындалады. Жасалған дене жарақатының деңгейіне баға беріледі. Мұндай жағдайда бұғып қалуға болмайды. Мәселені барлығымыз бірлесе отырып шеше аламыз», – деді Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасы басшысының орынбасары Диас Дуанбеков.
Бүгінде отбасын ұрып-соғатындармен күрес мықтап жүргізіліп жатыр. Қазір елімізде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша неміс пилоттық жобасы іске қосылды. Бағдарлама Алматы, Астана және Павлодар қалаларында сынақтан өтіп жатыр. Оның аясында түзелуге ниеті барларға жан-жақты көмек көрсетілетін болады. Егер жоба сәтті жүзеге асса, бақытты отбасылардың саны артуы мүмкін.
Жадыра Омаржан, Салтанат Нұрғалиева, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы