Қызылорда облысында тыйым салынған аймақтан электр аппаратымен балық аулаған тұрғындар ұсталды. Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Өңірде су жануарларын қорғау қағидасын бұзудың 85 дерегі анықталып, 3 қылмыстық іс тіркелген. Рейд барысында балық аулау ережесін бұзған 82 азаматқа қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынған. Тіркелген 3 қылмыстық істің бірі – электр аппаратымен балық аулауға қатысты. Аталған іске қатысы бар деп Жаңақорған ауданында ВАЗ автокөлігі тоқтатылған. Тексеру барысында автокөліктің жүк салғышынан 3 дана аккумулятор, 1 дана қуаттағыш және үрлемелі резеңке қайық пен 40 келі балық анықталып, айғақ тәркіленді.
– Жаңақорған ауданында тоқпен балық аулау дерегі анықталды. Тергеп-тексеру жұмысы жүргізіліп жатыр. Екі айда Қызылорда облысында 85 құқықбұзушылық анықталды. Оның үшеуі - қылмыстық іс. Үш адам ұсталды, – деді жергілікті полиция қызметі басқармасының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Жасұлан Жакияев.
Оқи отырыңыз: Бала қауіпсіздігі: өгей әкемен тұратын балалардың жағдайы қалай