Б. Сағынтаев: әрбір алматылықтың мүддесі үшін қауіпсіздік шаралары қабылданды

19.02.2020 19:58

Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғадан кейін қалада қабылданған алдын алу шаралары туралы да мәлімдеді

пресс-служба акимата Алматы

Есептік кездесу барысында тұрғындардың сұрақтарына жауап берген қала әкімі Бақытжан Сағынтаев Жамбыл облысы Қордай ауданында болған оқиғадан кейін қалада қабылданған алдын алу шаралары туралы да мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі қалалық әкімдіктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.  

«Қордайда болған барлық нәрсе белгілі, бұл туралы айтылды. Ашық түрде талқыланып, көрсетілді. Үкімет жұмыс істеді», — деді әкім. Сондай-ақ бұл мәселе ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Н. Назарбаевтың төрағалығымен өткен Қауіпсіздік кеңесінде қаралғанын да атап өтті. Құқықтық бағаны құқық қорғау және сот органдары береді.

«Біздің қалаға қатысты айтар болсақ, орын алған оқиғалар туралы ақпарат келгенде, барлық қызметтер жұмылдырылды. Яғни, құқық қорғау органдары мен әкімдік қызметтері», — деді Б. Сағынтаев.

Құқық қорғау органдарының мәліметінше, әлеуметтік желілерде деструктивті сипаттағы үндеулер болған. Алматыдағы базары иелері мен директорларына қызметін уақытша тоқтата тұру ұсыныс айтылды.

«Базарлардың не үшін қоршалғаны туралы сұрақтар болды. Біз әлдебіреулерге қатысты құқық бұзушылық фактісінің орын алуына жол бермеуге тырыстық. Сондықтан қауіпсіздік шаралары күшейтілді, базарлардың аумағы күзетке алынды», — деді әкім.