Дәстүрлі шара 30 қыркүйекке дейін жалғасын табады
Алматылық ата-аналарға балаларын жаңа оқу жылына дайындауға көмек көрсетілуде. «Мектепке жол» акциясы аясында мектепке қажетті құрал-жабдықтан бастап, киім-кешектердің бәрі үлестірілді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Сонымен қатар, балалар үшін түрлі сайыстар ұйымдастырылып, концерттік бағдарлама ұсынылды. Осылайша Қазақстан Халқы Ассамблеясы 100 баланың жүзіне күлкі сыйлады.
«Бұл – көп жылдар бойы келе жатқан акция. Дегенмен мен бұған бірінші рет келіп отырмын. Маған көпбалалы ана ретінде көмек берілді, рахмет. Елбасының қолдауымен көпбалалы аналарға көп жағдай жасалып жатыр», – деді Кәмшат ЖАЙЫҚҚЫЗЫ.
Ал Әуезов ауданында жомарт жандардың көмегімен 295 оқушыға мектеп формасы, 436 балаға мектепке қажетті кеңсе тауарлары үлестірілді. Одан бөлек, жиналған балалар тегін мультфильм көрді.
«Мектепке жол» акциясы Наурызбай ауданында да ұйымдастырылды. Тегін сыйлықтар алған балғындар Мәскеу циркі әртістері мен Алматы зообағы жан-жануарларының өнерін тамашалады. Атап өтерлігі, биыл дәстүрлі шара әдеттегіден 1 ай бұрын басталған, 30 қыркүйекке дейін жалғасын табады.