Алматыда 19 республикалық, 37 қалалық этномәдени орталық бар
Алматы – дінаралық татулық пен этникааралық келісімнің орталығына айналуы тиіс. Бүгін қала әкімі Бақытжан Сағынтаев, Қазақстан халқы Ассамблеясы аясында өткен форумда осындай мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.
«100-ден астам ұлт өкілі тұрып жатқан қалада ешкімді алаламай, керісінше, бәріне теңдей көзқарас таныту басты міндетіміз», - деді әкім.
Бүгінде алып шаһарда 19 республикалық, 37 қалалық этномәдени орталық жұмыс істейді. 3 театр мен 27 түрлі мәдени ансамбль еңбек етуде. Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылымындағы басты бағыттардың бірі ¬– қоғамдық келісім кеңесі. Халықты толғандыратын көкейкесті мәселелердің дені осы кеңестің бақылауында болады. Бақытжан Сағынтаев, мұндай форумды өткізу Алматы үшін маңызды екенін алға тартты.
«Осындай форумды өткізу қала үшін ерекше маңызды, себебі Алматы – бұл Қазақстанның тек білім, ғылыми, мәдени, қаржылық, индустриалды-инновациялық, көлік, туристік орталығы ғана емес, сондай-ақ достық, келісім мен интернационализм аймағы. Президентіміз Жолдауында біздің ұстанымымыз: «Ұлт бірлігі - оның әралуандығында» деп атап өтуі бекер емес», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Кеңейтілген отырыста қала әкімі қоғамдық келісім кеңесінің жұмысын жақсартуға нақты бағдар берді. Одан бөлек, қаланы дамыту мақсатында 7 бірдей стратегиялық бағыт ұсынды.
«Біріншіден, Алматы мәдениеті мен өркениеті дамыған әлемдік қала деңгейіне көтерілуі керек. Екінші, халықтың тұрмыс деңгейі мен экономикалық мүмкіндіктері дамыған 100 мегаполис қатарына енуі тиіс. Үшінші, қылмыс деңгейі төмен қауіпсіз қала атануы қажет. Төртінші, шаһарда қандай да бір мәселенің түйіні халықтың бастамасымен жүзеге асуы тиіс. Келесі, Алматының экологиясына ерекше мән берілуі керек. Сондай-ақ, инвестиция, технологиясы дамыған іскер қала қатарынан көрінуміз қажет. Алматы білім деңгейі жоғары мәдениет орталығына айналуы тиіс», – деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.
Форумда ауыл секторын дамыту мәселесі ерекше талқыға салынды. Бүгінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында бұл салаға 90 млрд қаржы бөлініп отыр. Оның дұрыс мақсатта жұмсалуына қоғамдық келісім кеңесінің мүшелері үлкен белсенділік танытуда.
«Бүгінгі күннің өзінде Ұлытау ауданы, Жаңаарқа ауданы, Балқаш қаласы, Ақтоғай аудандарында агро секторда жаңадан жас кәсіпкерлердің қалыптасып, көптеген кәсіпорындардың ашылуына осы қоғамдық келісім кеңесінің жанындағы арнайы үгін-насихат топтарының ықтималы көп болды деп есептеймін", - деді кәсіпкер Бекзат Алтынбеков.
Қоғамдық келісім кеңесі тарапынан әлеуметтік салада да біршама игі істер атқарылыпты. Былтыр Қазақстан Халқы Ассамблеясының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автомектеп ашылды. Елімізде тұңғыш бой көтерген мекеме Петропавл қаласында орын тепті. Қазір14 адам жүргізуші куәлігіне ие болып отыр.
«Солтүстік Қазақстан облысында бүгін 129 қоғамдық келісім кеңесі қызмет атқарып жатыр. Олардың көбі ел президенті жолдауда көрсетілген мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Кедергі жоқ» жобасын жүзеге асырып жатыр. Соның аясында 2018 жылдан бастап Қазақстан Халқы ассамблеясының қолдауымен жалпы Қазақстан Республикасы бойынша түңғыш Петропавл қаласында автомектеп ашылды. Мектептің нәтижесі зор. Қазір 14 адам жүргізуші куәлігіне ие болды. Оның 4-і жарымжандар. БАҚ арқасында басқа қалалар да біліп жатыр. Олар ұсыныс жасап жатыр», - деді СҚО ҚХА Қоғамдық келісім кеңесі төрағасының орынбасары Сәлімхан СӘБИТОВ.
Республикалық деңгейде өткен форумға еліміздің түкпір-түкпірінен келген Ассамблея кеңесінің мүшелері, Қазақстан халқы Ассамблеясы Ғылыми-сарапшылық кеңесінің өкілдері қатысты. Форумның нәтижелі жұмысы азаматтық қоғамның дамуына, Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің әдістемесін және басқа да азаматтық бастамаларды әзірлеуге елеулі үлес қоспақ.
Сая Меңдеке, Валерий Таубалдиев, «Алматы» телеарнасы