Елордада халықаралық Astana Media Week форумы өтіп жатыр

26.10.2022 19:59

Аталған шара 28 қазанға дейін жалғасады

Almaty.tv

Елордада дәстүрлі халықаралық Astana Media Week форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Алтыншы рет ұйымдастырылып отырған шараға шетелдік және отандық телеарналар, ұлттық және өңірлік БАҚ пен баспасөз қызметкерлері қатысып жатыр. Биылғы іс-шараның тақырыбы – «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Яғни, спикерлер коммуникация бағытындағы өткір әрі өзекті мәселелерді талқылайды.

Жыл сайын ұйымдастырылып келе жатқан Astana Media Week форумы осы жолы да дәстүрден жаңылмай, Қазмедиа орталығында өтіп жатыр. БАҚ, жеке компаниялар, продюсерлер сынды теле өнім дайындайтын ұжымдар бас қосып, өздерінің презентацияларын көрсетіп жатыр. Арасында біздің «Алматы» телеарнасы да бар. 

Өздеріңіз білетіндей «Алматы» арнасы биыл ребрендинг жасап, жасыл түске ауысқан еді. Каналдың бағыты да біршама түрленді. Жаңа бағдарламалар мен телехикаялар көрерменге жол тартты. Телеарнаның бас продюсері Ралида Мұқанованың айтуынша, Алматының Ютубтағы көрмермендерінің саны 1 миллионға жеткен. Қазір арна диджитал жобаларға көптеп көңіл бөліп жатыр.

«Қазір диджитал проекттерге көп көңіл бөліп жатырмыз. Өйткені контентті тек қана эфирге емес, ютубқа, сайтқа, әлеуметтік желіге дайындауға күш салып жатырмыз. Бізде жалпы, осы жылы 26 үлкен проект түсірілді. Оларды эфирден көресіз. Сондай –ақ 11 сериал бар», – деді  «Алматы» телеарнасының бас продюсері Ралида Мұқанова.  

Медиа апталықтың алғашқы күнінде дәл осы диджитал тақырыбы сөз болды. Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі жаңа технологияның дамуы – ақпарат алу мен таратуды өте жылдамдатқанын атап өтті.  Министрдің айтуынша интернет пен әлеуметтік желі бұрынғы вертикалды биліктің орнына жаңа күш – горизантальды биліктің өмірге келгенін айтып, азаматтық журналистика, смартфон-журналистикасы ұғымдары пайда болды. Сонымен қатар, визуалды контент ақпарат алудың негізгі көзіне айналып бара жатқанын жеткізді.  

«2021 жылдың деректері бойынша 16-64 жас аралығындағы интернет пайданушылардың 63 проценті интернетті негізінен ақпаратқа жылдам қол жеткізу үшін пайдаланады. Осылайша интернеттегі жаңалықтар мен визуалды контент ақпаратты қабылдаудың негізгі арнасына айналды», – деді ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі.

Форумның ауқымы кең екенін шетелден келген меймандардың көптігінен байқауға болады. Қытай, Германия, Түркия, Португалия, Өзбекстан және Қырғызстан сынды мемлекеттерден арнайы келген сарапшылар өз ойымен бөлісіп, медианы дамытуға арналған тақырыпта ой қосады. Ал, Қырғызстанның Ақпарат министрі Алтынбек Мақсұтов Қазақстанның телехикаяларын айыр қалпақ халқы көптеп көреді дейді.

«Сіздердің елдеріңізде медиа саласы қарыштап дамып келеді. Біз соған қызыға да, қызғана қараймыз. Іс-шараға келуімнің себебі – осындағы компаниялардың жұмысын бақылау, тәжірибе алмасу. Қазақстанның көптеген телехикаяларын қырғыз тіліне аударып, ұсынамыз. Сіздерде түсірілген туындылар біздің халыққа ұнайды», – деді  Қырғыз Республикасының Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов.

Айта кетейін, биылғы медиа апталықтың тақырыбы – «Жаңа дәуір – жаңа медиа». Аталған шара 28 қазанға дейін жалғасады. Осы уақыт аралығында 150 отандық және халықаралық спикерлердің қатысуымен 30-дан аса іс-шара жоспарланған.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Астанадан