Лидия он кітапты көз майын тауысып оқып, сол бойынша эссе жазып шыққан
Қарағанды облысында салықтан жалтарғаны үшін 5 жылға бас бостандығынан айырылған Лидия атты әйел екі жылдан кейін бостандыққа шықты. Бұған жақсы тәртібі мен бас алмай кітап оқығаны себеп болған, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Express Qazaqstan-ға сілтеме жасап.
Qumash Telegram арнасының мәліметінше, Қарағанды облысында сотталушыларды кітап оқып, эссе жазуға шақырған. Осы үшін жазасына жеңілдік жасауға уәде етілген. Басты кәде-сый — бостандық. Демек, неғұрлым көп кітап оқыса, соғұрлым үйіне ертерек қайтады.
Лидия он кітапты көз майын тауысып оқып, сол бойынша эссе жазып шыққан. Уәде етілгендей, ол алдағы үш жылын түрмеде емес, үйінде өткізеді.
Бірақ бұл шара көпшіліктің көңілінен шығып отырған жоқ. Әлеуметтік желі қолданушылары "Бұл не тағы? Миллион ұрласаң да, 10 кітап үшін жібере сала ма?", "10 кітап оқу 3 жыл тұрса, 16 кітап оқысаң, түрмеге мүлдем отырғызбайтын шығар" деп пікір қалдырған.