Алматыда 6 адамды өрттен құтқарған полицей марапатталды

Алматыда 6 адамды өрттен құтқарған полицей марапатталды
Үй 4 бөлікке бөлінген, оның екеуінде әлі де адамдар болған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда 6 адамды өрттен құтқарған полицейге мемлекеттік марапат берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

ҚР Президентінің жарлығымен Полиция департаментінің көші-қон қызметі басқармасының кіші инспекторы Әділет Әлімқыдыр III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды.

Тәртіп сақшысына марапатты Алматы Полиция департаментінің басшысы Серік Күдебаев табыстады. Әділет Әлімқыдыр Алматыда жекеменшік үй өртенгенде, үйдің тұрғындарын сыртқа алып шыққан болатын.

«Мен ішкі істер органдарына енді ғана келдім. Бұл марапат мен үшін үлкен мәртебе. Қоғамдық тәртіпті сақтауға ынтамды арттыра түсетіні сөзсіз. Алматы полициясы қатарында өз ісіне берілген азаматтар көп», - деді инспектор.

Айта кету керек, Полиция басқармасының Метрополитен патрульдік полициясының сержанты Әділет Әлімқыдыр төтенше орын алған күні кезекшілікте болған. Жерасты өткелінде өз учаскесін күзетіп жүрген полиция қызметкері үй өртеніп жатыр деген хабарды естіген соң көп ойланбастан отқа оранған үйге  жетеді. Ол үйге кіріп келгенде жерде ес-түссіз жатқан ер адамды көріп, оны көтеріп, сыртқа алып шығады.

Кейін анықталғандай, құтқарылған адам мас күйінде ұйықтап жатқан. Үй 4 бөлікке бөлінген, оның екеуінде әлі де адамдар болған. Полиция қызметкері уақытын жоғалтпастан үйдің үшінші бөлігіне жүгіріп барып, әжесі мен екі немересін алып шығады. Келесі тұрғындарға барған кезде есігі жабық болады.

Бірақ сержант ішінде адамның бар-жоғын білмесе де, есік-терезесін қатты ұра бастайды. Ұйықтап жатқан екі әйел үйдің шатыры жанып жатқанынан да хабарсыз болып шықты.


Новости партнеров