Ол 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталғанын еске саламыз
Қытайда өмір бойы бас бостандығынан айырылған Ақжарқын Тұрлыбай Қазақстанға қайтарылуы мүмкін. Бұл жайында Ақжарқынның адвокаты Сұңқар Нұрмағабметов Facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
«2014 жылы Гуанчжоу әуежайында Ақжарқын Тұрлыбай ұсталды. Сол жылы Хошимин қаласында ростовтық Мария Дапирка тұтқындалды. Заңсыз есірткі айналымына қарсы күрес Орталық Азия өңірлік ақпараттық координациялық орталығы қыздарды нигериялық есірткі тобының құрбанына айналған деп мойындады. Екеуі де өмір бойы бас бостандығынан айырылған. Ақжарқын Тұрлыбайдың жақын арада Қазақстанға қайтарылуын күтеміз», – деп жазды Сұңқар Нұрмағамбетов.
21 жастағы қазақ қызы Ақжарқын Тұрлыбай 2014 жылдың наурыз айында Қытайдың Малайзиямен шекарасында есірткімен ұсталғанын еске саламыз. Оның жүк сөмкесінен 4,5 келі есірткі табылды, Ақжарқын ол туралы білмейтінін мәлімдеген. Осы іс бойынша Қытайдың Гуанчжоу соты Ақжарқын Тұрлыбайды есірткі контрабандасымен айыптап, өмір бойы бас бостандығынан айырды. 2016 жылы 7 сәуірде апелляциялық сатыдағы сот Ақжарқын Тұрлыбайды өмір бойы бас бостандығынан айыру жазасын өзгерту және істі бірінші сатыдағы соттың қарауына жіберу туралы қаулы еткен.
ҚР мен ҚХР мемлекеттерінің құзырлы органдары бір келісімге келген жағдайда Қытайда сотты болған Ақжарқын Тұрлыбай жазасын өз елінде өтеуі мүмкін екендігін бұған дейін де хабарлаған едік.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та Қытайға мемлекеттік сапары барысында осы ел түрмесінде жатқан отандасымыз Ақжарқын Тұрлыбайдың мәселесін көтерген болатын.