40 млн текше метрге артық: Тәжікстан Қазақстанға су жіберді

27.08.2024 20:01

Бұл туралы Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация министрлігі мәлімдеді

ҚР Су ресурстары және ирригация Министрлігінен

1 маусымнан бері Тәжікстан Қазақстанға мемлекетаралық «Достық» каналы арқылы 488,6 млн текше метр су жіберді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 40 млн текше метрге, ал биыл жоспарланған көлемнен 45 млн текше метрге артық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Қазақстан Республикасы Су ресурстары және ирригация Министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Жақында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Тәжікстанға мемлекеттік сапармен барды. Екіжақты келіссөздер өтті, күн тәртібінде су саласындағы ынтымақтастық тақырыбы да болды. Тәжікстан – еліміз үшін Орталық Азияның барлық мемлекеттері секілді маңызды серіктес. Сондықтан біз су ресурстарын басқару және оны сақтау мәселесі бойынша бірлескен жұмысқа көп көңіл бөлеміз»,- деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.

Естеріңізге сала кетейік, 1 сәуірде бері Өзбекстан Сырдария өзені арқылы елімізге 4 млрд текше метрден астам су жіберген болатын. Ал, Шу-Талас су шаруашылығы комиссиясының 33-ші отырысында Қазақстанға Қырғызстаннан Шу өзені арқылы 180 млн текше метр және Талас өзенімен 380 млн текше метр су жіберу туралы келісімге қол жеткізілді.

Теги: Қазақстан