Алматыда самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғасы жиіледі

Almaty.tv
Almaty.tv

Полиция қызметкерлері жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы қаласында самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Алматы қалалық ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Алматы полициясы жол қозғалысына қатысушыларға үндеу жасады. Өйткені қалада самокаттардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары жиілеп кетті. Қала тұрғындарының жайлы және қауіпсіз өмір сүруінің маңызды факторы – жол қауіпсіздігі. Алматы полициясы профилактикалық іс-шараларды күшейтті, оның басты мақсаты – оған қатысушылар арасында жол қозғалысы қауіпсіздігі талаптарының сақталуына бақылауды күшейту және жол-көлік оқиғаларын азайту. 

– Қала тұрғындары арасында баламалы көлік түрлері, соның ішінде самокаттар әлі де сұраныста. Алматы жолдарында олардың 50 мыңнан астамы бар, сәйкесінше жол-көлік оқиғасы да көбейген. Жыл басынан бері самокаттардың қатысуымен 38 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 42 адам зардап шекті, абырой болғанда, қаза болғандар жоқ. Ішкі істер Министрлігі қабылдаған шаралар самокаттарды пайдалану жағдайын біршама тұрақтандыруға мүмкіндік берді: жас шектеулері белгіленді, қорғаныс құралдарын міндетті түрде пайдалануға және жолаушыларды тасымалдауға талаптар қойылды. Алайда қайғылы оқиғалар әді де жалғасуда. Самокат пайдаланушылар жол қозғалысына қатысушылардың осал санаттарының бірі болып табылады, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Серік Шумаев. 

Спикердің айтуынша баламалы көлік түрлерін жүргізетін адамдардың ҚР-ның жол қозғалысы ережелерін бұзу деректерін анықтау бойынша да жұмыс күшейтілген. Жыл басынан бері жолдың ортасында жиі қозғалатын, жеке қорғану құралдарының міндетті болуы талаптарын елемейтін, кәмелетке толмағандардың самокаттармен жүруіне жол берген 7,5 мыңнан астам самокат жүргізушілері әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 

– Мен жол қозғалысына қатысушыларды ЖҚЕ-ні қатаң сақтауға шақырамын. Ата-аналар өз баласының қауіпсіздігі үшін толық жауапкершілікті сезінуі керек. Қылмысқа немқұрайлы қарамаңыз, балаңызды қорғаңыз, өзіңіз үлгі болып оларға заңды құрметтеуді үйретіңіз, – деді полковник Шумаев.

Оқи отырыңыз: Алматыда Дунаевский көшесінің солтүстік жағымен жүру 3 айға шектеледі

Новости партнеров