Сауалнама онлайн және офлайн форматтарда жүргізілді
«Ауыл» халықтық-демократиялық партиясы «Ел Аманаты» жалпыұлттық сауалнамасына өтінімдерді жинауды аяқтады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жобаның басты мақсаты - азаматтарды толғандыратын аса өткір әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық маңызы бар проблемаларды анықтау. Сауалнама онлайн және офлайн форматтарда жүргізілді. Партия мүшелері жүздеген ауылды аралады. Сонымен қатар, сауалнама ұйымдастыруға бүкіл ел бойынша 700-ден астам еріктілер көмек көрсетті.
Партияның Саяси кеңесінің шешімі бойынша сауалнама парағына барлығы 14 тақырып енгізілді және респонденттер өз аманаттарын қалдыра алды. Алдағы уақытта партия басшылығы жалпыұлттық сауалнама нәтижелері туралы хабардар етеді.
«Ел Аманаты» - «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы өткізген алғашқы жалпыұлттық сауалнамасы.
«Ауыл» партиясы Саяси кеңесінің шешімі бойынша «Ел Аманаты» жалпыұлттық сауалнамасына енгізілген мәселелердің тізбесі:
- Мемлекеттік бюджет қаражатының тиімсіз бағдарламаларға миллиардтап жұмсалуын тоқтатып, халық мүддесіне бағыттау; - Жаңа әлеуметтік саясатты қалыптастыру, әсіресе жәрдемақының әр балаға төленуін қамтамасыз ету;
- Жердің шетел азаматтарына сатылуына және жалға берілуіне тыйым салу;
- Жастарға білімнің, жұмыс пен баспананы қол жетімді ету;
- Тұрақты жұмыс орындарын ашуды ынталандыру. Жұмысшы еңбегінің әділ бағалануы мен мүддесін қорғау;
- Жемқорлардың жазасын күшейту арқылы коррупцияның «тамырынабалташабу»;
- Халық көп тұтынатын тауар түрлерін өндірушілерді қолдау арқылы импорт үлесін азайту;
- Шалғайдағы және мемлекет шекарасына жақын орналасқан елді-мекендерде тұрып жатқан азаматтарға мемлекеттік қолдау көрсету;
- Жол құрылысы және әлеуметтік маңызды объектілерді қабылдап алу барысында қоғамдық бақылауды күшейту;
- Ауылдық елдімекендердің барлығын, соның ішінде шалғайдағы ауылдарды интернетпен қамту;
- Шетелдегі қандастарға Қазақстан Республикасының азаматтығын алуды жеңілдету;
- Спорт пен мәдениет салаларында «таныс-тамырлықты» жою. Әсіресе халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын азаматтардың әділ іріктелуін қамтамасыз ету;
- Ауылдардағы оңтайландыру кезеңінде жабылып қалған медициналық мекемелерді қайта ашу;
- Өнім өндіретін шағын және орта бизнес өкілдері мен фермерлерді несиелендірудің пайыздық мөлшерлемесін 2-4%-ға дейін төмендету және комуналдық шығындарын субсидиялау.