Тазару: Алматыдағы сенбілікте 420 текше метрден астам қоқыс жиналды

26.03.2024 20:01

Іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты

Almaty.tv

Алматыда «Тазару» жалпыұлттық экологиялық науқанының қатысушылары 420 текше метрден астам қоқыс жинады. Ауқымды сенбілік қаланың барлық ауданын қамтып, іс-шараға 1500-ден астам адам қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.

Тазалық эстафетасы Наурызнама онкүндігін түйіндеп, қала көшелері мен саябақтарын көркейте түсті. Шаһардың коммуналдық қызмет жұмысшылары, еріктілер мен қоғам белсенділері бірлесіп мегаполистің тынысын ашты.

– Бостандық ауданында Наурызнама эстафетасы бойынша сенбілік ұйымдастырылды және барлық аумақты жинап жатырмыз. Өйткені бұл маңызды іс-шара. Қазақстанның, Алматының экологиясына, тазалығына өзімізден өзге ешкім қарамайды, – деді ерікті Алмаз Нұрсұлтан.

Эко-науқан қатысушылары Кіші Алматы, Есентай, Үлкен Алматы, Қарғалы және Тастыбұлақ өзендері арналарын қоқыстан тазартып, сәулет нысандарын жуып шықты. Ал Экология және қоршаған орта басқармасы қаланы көгалдандыру мақсатында 100-ден аса ағаш отырғызған.

– Эко-акция бағдарламасындағы Алматы қаласының тазалығы – басты мәселе. Эстафета басталды. Аудан бойынша 25 техника, 300 адам жұмылдырылып отыр. Көктемтегі бірінші сенбілік, – деді Бостандық ауданы көріктендіру бөлімінің басшысы Арман Мизамбеков.

Оқи отырыңыз: Қазақстанда ауыл шаруашылығы техникасы әбден тозған