Алматыда 16386 отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады, бұл туралы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Алматы қаласы бойынша департаментінің бастығы Айдынжан Нарматов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматыда 16386 көпбалалы отбасы мемлекеттік жәрдемақы алады. Бүгінгі күнге дейін 9000-нан астам отбасыға 411 миллион теңге төленді. 15 қаңтарға дейін барлық адамдарға жәрдемақы төлеу жоспарланған», - дейді Айдынжан Нарматов. Оның айтуынша, өткен жылы жәрдемақы тағайындау үшін отбасының табыс кірісі ескерілген.
«2019 жылы жәрдемақы отбасының кірісіне байланысты тағайындалатын. Жаңа жылдан бастап кіріс есепке алынбайды. Яғни, егер отбасында 4 немесе одан көп бала болса, онда бұл отбасына табысына қарамастан ай сайынғы жәрдемақы алуға кепілдік беріледі. Олардың мөлшері балалардың санына байланысты болады», - деді ол.
Сондай– ақ, ол АӘК-ті кімдер алатынын айтты. «Аз қамтылған отбасыларды анықтайтын ең төменгі күнкөріс шегінен 70 пайыздық өлшемшарт сол күйі қалады. Отбасының әрбір мүшесіне АӘК мөлшері бұған дейінгідей отбасының жан басына шаққандағы орташа кірісі мен ең төменгі күнкөріс шегінің 70 пайызы арасындағы айырма ретінде анықталады»,- деп қорытындылады Айдынжан Нарматов.