Әлихан Смайылов Үкімет мүшелеріне БАҚ-пен тығыз байланыста болуды тапсырды

22.02.2022 20:20

Үкімет басшысы Денсаулық сақтау вице-министрінің журналистердің сұрағына жауап бере алмағанын сынады

Almaty.tv

«Омикрон» еліміздің барлық аймақтарына таралды. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният Үкімет отырысында айтты. Оның деректері бойынша барлық өңірлерде «омикрон» штамымен қатар, «дельта» штамының айналымы жалғасуда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Дертпен күресте екпе салу қарқынды жүріп жатыр. Қазақстан бойынша 2 млн 400 мыңнан астам адам ревакциналаудан өткен.  

«Қазір елімізде эпидемиологиялық ахуал тұрақталып келеді. Өңірлердің көпшілігі «жасыл» аймақта. Дегенмен эпидемиологиялық жағдайға одан әрі мониторинг жүргізу қажет. Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша санитарлық талаптарды жеңілдету шаралары қабылданып жатыр. Соған қарамастан әкімдіктер вакциналау мен ревакциналау жұмысын жалғастыруы тиіс. Ревакциналау елордада және Атырау облысында өте төмен. Көш соңында қалған өңір әкімдері осы мәселені ерекше бақылауға алсын», - деді ҚР Премьер-министрі Әлихан Смайылов.

Бұдан өзге, Үкімет басшысы Денсаулық сақтау вице-министрінің журналистердің сұрағына жауап бере алмағанын сынады. Бұл ретте ведомствоның өкілдерімен өтетін брифингілерге мұқият дайындалуды тапсырды.  

«Өткен аптада сіздің орынбасарыңыздың қатысуымен брифинг өткен еді. Денсаулық сақтау вице-министрінің журналистердің сұрақтарына нақты жауап бере алмағаны өкінішті. Осыған назар аударуыңызды сұраймын. Мұндай жағдайлар, құрметті әріптестер, бүкіл Үкіметтің жұмысына кері әсерін береді. Үкімет мүшелеріне журналистермен тығыз байланыста болуды тапсырамын. Біз қоғамға ашық болуымыз қажет. Әрбір қабылданған шешім дұрыс түсіндірілуі керек», - деді Әлихан Смайылов.