Құтқарушылар шатырдан түсіп пәтерге терезеден кірді
Елордада терезеден құлайын деп тұрған 4 жасар қызды полиция мен ТЖД-нің қызметкерлері құтқарып қалды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Анасы 2 мен 4 жастағы балаларын үйде қалдырып, сыртынан құлыптап кеткен екен.
ПД-нің мәліметінше, Иманова көшесіндегі тұрғын үйдің бесінші қабатында тұрып бала анасын іздеп жылаған. Бұл туралы хабарлама полиция бөлімшесіне сағат 21:00 шамасында түскен. ПД-нің мәлімдеуінше аталған мекенжайға әкімшілік бөлімшенің учаскелік полиция инспекторлары дереу жеткен.
"Аталған дерек расталды. Қыз терезенің жақтауынан әрі асып тұрды. Полиция капитаны Серік Кеңесов 5 қабатқа көтеріліп, есік қаққан. Ал, әріптесі Жомарт Сарсымбаев төменде тұрып жағдайды бақылауға алды. Есік қағылғанда қыз терезе жақтауынан түсті", – деп мәлімдеді ПД-нің баспасөз қызметі.
Бұл уақытта құтқарушылар шатырдан түсіп пәтерге терезеден кірді. Балалардың анасы араға жарты сағат салып үйіне оралды. Полиция әйелге балаларды қараусыз қалдырмау керегін айтып, ескерту жасады.
Полиция қызметкері Серік Кеңесов қыз үшін қатты уайымдағанын, өзі 4 баланың әкесі екенін айтты.