Жетісу ауданы мамандары жүргізген рейд барысында санитарлық талаптарды бұзған бірнеше мекеме анықталды

Almaty.tv
Almaty.tv
Антесептиктер жоқ, қызметкерлердің COVID-19 індетіне қарсы қауіпсіздігі ескерілмеген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жұмысын жақында бастаған дәмханалар мен дүкендерде санитарлық талаптар мүлде сақталмаған. Антесептиктер жоқ, қызметкерлердің COVID-19 індетіне қарсы қауіпсіздігі ескерілмеген. Мұндай құқық-бұзушылық Жетісу ауданы мамандары жүргізген рейд барысында анықталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Карантин кезіндегі талаптарға немқұрайлы қарағандарға айыппұл салынып, дүкендері ұзақ уақытқа жабылады.

Арнайы мамандардан құрылған рейдтік топ алдымен Жетісу ауданындағы дәмханаға барды. Тосыннан келген тексерісті күтпеген дәмхана қызметкерлері абдырап қалды. Талап бойынша мұндай орындарда ауаны кварцтеу құрылғысы болуы шарт. Ол мында қойылмаған.

Елде карантин кезінде де жұмыс істеуге рұқсат алған орындардың бірі – азық-түлік дүкендері. Демек, бірінші кезекте осы жерлерде санитарлық талаптардың қатаң сақталуы маңызды дейді мамандар. Тексеріс жүргізілген аудандағы дүкенде карантиндік талаптардың сақталуы былай тұрсын, сатылып жатқан тағамдары тазалық талаптарына  сай болмай шықты.

Айта кету керек,  кез келген қызмет көрсету орны ашылмас бұрын өз ауданына қарасты Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылау басқармасына барып, хаттама толтыруы керек. Сол хаттама негізінде кәсіпкерге санитарлық талаптар түсіндіріліп, дүкенінің ашылуына рұқсат алады. Алайда ондай құжаттарға салғырт қарайтындар көп. Нәтижесінде, екі ай карантиннен кейін жұмысқа енді қосылған олардың қайтадан жабылуына тура келеді.

«Бүгінге дейін жүргізілген рейд жұмыстары барысында қызметкерлердің артық маскасы мен медициналық қолғабы жоқ. Пайдаланып жатқан антесептиктерінің сертификаттарын көрсете алмайды. Кәсіпкерлер жұмысын бастар алдында біздің мекемеге келіп, арнайы құжаттарын өткізбейді. Нәтижесінде осындай құқық бұзушылық орын алып жатады», – деді Жетісу ауданы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының басшысы Әсима ИСЕМБАЕВА.

Мамандармен бірге тексеріс жүргізілген дүкендер мен дәмхана иелеріне хаттама толтырылды. Енді оларға салынатын айыппұл көлемі мен жабылуы туралы соңғы шешімді соттың шығаратын болады.

Ұлағат Арғын, Рашид Шүкіралиев,  «Алматы» арнасы

Новости партнеров