Биыл 601 көшеге жарық орнату жоспарланған
Мемлекет басшысының Жолдауы аясындағы өңірдің дамуы туралы Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлы Сағынтаев ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен онлайн брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалдарына жауап берді. Алматы қаласы мәслихатының депутаты Есенгелді Талбидинов әкімнің қала инфрақұрылымын дамыту саласы бойынша айтылған мәселелерге тоқталды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Есенгелді Талбидинов өзінің Instagram парақшасында жазды.
«Жайлы қала – бірінші кезекте сапалы инфрақұрылым. Жылдың басынан бері Алматыда 40,5 км су құбыры және 12,5 км канализация желілерін төсеу жұмыстары жүргізілді. 75 мыңнан астам тұрғыны бар 17 шағын ауданда коммуникациялар салынып жатыр. Жылдың соңына дейін 170 км су құбыры және 140 км канализация желілерін салу жоспарланған.
Қарғалы өзенінде су жинау құрылғысы салынып жатыр. Ақсай өзенінде осындай объектіні жобалау аяқталуда. Бұл 130 мыңнан астам тұрғынды сумен үздіксіз қамтамасыз етеді. Биыл 601 көшеге жарық орнату жоспарланған. Жылдың басынан бері 508 көшедегі жұмыстар аяқталды. Нәтижесінде қаланың барлық көшесіне жарық орнатылады. 49 көшеде орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді, 41 көшеде әлі де жұмыстар жүргізілуде. Биыл ұзындығы 227,5 км 225 көшені жөндеу жоспарланған.
Анықтама үшін: оның ішінде 18 көше магистралды көшелерге жатады - Рысқұлов даңғылы, Сәтбаев көшесі, Солтүстік айналым көшесі, Сүйінбай даңғылы, Құрманғазы көшесі және т.б. Барлық жұмыстарды қыркүйек айында аяқтау жоспарланып отыр.
«Жаңа Алматы» сегіз шағын ауданында (Құрамыс, Самғау, Шаңырақ-5, Өжет, Нұршашқан, Қайрат, Әлмерек, Алғабас) ұзындығы 108 км болатын 415 көшеде жол салынып жатыр. Абай даңғылын, Саин, Алатау көшелерін ұзарту және 3 жолайырықтың құрылысы жалғасып жатыр.
Анықтама үшін: Бұқтырма көшесі мен Құлжа күре жолының, Рысқұлов даңғылы-Емцов көшесі, Сейфуллин даңғылы–Жансүгіров көшесінің қиылысында.
Саин көшесі мен Мөңке би көшесінің қиылысында Гоголь көшесінен Райымбек даңғылына дейінгі Әуезов көшесінің қиылысында жолайрығының құрылысын бастау жоспарланып жатыр. Жылдың соңына дейін екі метро станциясы (Сарыарқа және Достық) бойынша құрылыс жұмыстарын аяқтап, техникалық іске қосуды орындауды жоспарлап отырмыз», – деп жазды Есенгелді Талбидинов.