Су тасқыны: Петропавлда апатты үйлер бұзылып жатыр

11.07.2024 21:42

Табиғи апаттың салдарын жою күзге дейін аяқталады

Almaty TV

Петропавлда апатты деп танылған 165 үй бұзылып жатыр. Олар қаланың су тасқынынан зардап шеккен бөлігінде орналасқан, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі.

Мұнда 1300 ғимаратты топан су басқан. Әзірге өңірде апат салдарын алдын ала бағалау жұмыстары жүргізілді.

Чурсиндер отбасының бұл баспанаға қоныстанғанына 10 жыл ғана болған. Тасқын кезінде су деңгейі шатырға дейін көтеріліп, үйдің іргетасының бір бөлігін шайып кетіпті. Техникалық тексерістердің қорытындысы бойынша үй апатты деп танылды. Енді бірер күннің ішінде сүру жоспарланған.

- Бағалаушылар жылдам жұмыс істеді. Олар үйге кіріп, барлық жиһаз бен жабдықты жақсылап суретке түсірді. Сонымен қатар тез арада құжаттарды рәсімдеп, әкімдікке тапсырды. Ал біз жақсы үй алдық, бізге ұнады, аумағы да жақсы – 10 сотық, үйде барлық жағдай жасалған, - деді қала тұрғыны Виктор Чурсин.

Өңірді қарғын су басқанда Подгора ықшамауданы да қатты зақымданды. Бұл аумақта облыстың өзге  аудандарынан келген механикалық бригадалар жұмыс атқарып жатыр. Мәселен, Уәлиханов ауданының жұмысшыларына сеніп тапсырылған аумақта 146 нысан зақымдалса, оның 115-і апатты деп танылған.

- Сүрілетін әр үй бойынша акт тіркейміз. Бұл пәтерге алмасу келісімшартын мақұлдайтын құжат. Ары қарай жұмыс жалғасып жатыр. Қазіргі таңда біз 115 үйдің 45-ін бұздық. Ауа райы да жақсы. Барлығын тамыз айында тәмамдаймыз деп үміттенемін, - деді Уәлиханов ауданы әкімінің орынбасары Талғат Сағитов.

Үйлері апатты деп танылып, баспанасынан айырылғандарға жаңа үй "Бірлік" ықшамауданынан беріліп жатыр. Онда 700 тұрғын үй салу жоспарланса, оның 150-інің кілті табысталып үлгерген.

- Қалада 2000-нан астам үй су тасқынынан зардап шеккен. Олардың 1500-і тұруға жарамсыз деп танылды. Қазіргі таңда 3 ауданда орналасқан 540-қа жуық баспана бұзылды. Бұл жұмыстар соңына жеткенге дейін жалғаспақ. Сонымен қоса бұзылған үйлердің орындары тазартылып, олардың орнына жасыл кеңістікте ағаштар отырғызылады, - деді қала әкімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтуллова.

Айта кетейік, топан су басқан кей тұрғын үйде бағалау жұмыстары қайта жүргізіліп жатыр. Табиғи апаттың салдарын жою күзге дейін аяқталады деп жоспарланған. Қазір онда 600-ге жуық адам еңбек етуде.

Гүлмарал Изатқызы, Нұргүл Алина, Асар Ербұлан, "Алматы " телеарнасы, Солтүстік Қазақстан облысы

Оқи отырыңыз: Абай облысындағы орман өртіне күдіктілер ұсталды