Алаяқтық әрекет жасаған барлық азаматтар ұсталды
Жамбылдық полицейлер «Anti-fraud» республикалық іс-шарасын қорытындылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Шара қорытындысы бойынша Жамбыл облысы полиция департаментінің қызметкерлері интернет алаяқтықтың 34 дерегін анықтады. Оның ішінде 26 дерегін Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны жасаған. Ол Instagram әлеуметтік желісінде киім сату сылтауымен азаматтардың сеніміне кіріп, оларды алдап, ақшасын иемденген.
«Сондай-ақ, Тараз қаласының 38 жастағы тұрғынының екі алаяқтық әрекеті тіркелді. Ол қыздармен танысып, біраз уақыттан кейін оларға ақша аудару үшін төлқұжат пен банк картасы туралы мәліметтерді сұраған. Ал шын мәнінде олардың атынан шағын несие ұйымынан несие рәсімдеген. Ал Қапшағай қаласының 1998 жылы туған тұрғыны алаяқтықтың үш дерегін жасаған. Күзгі пальто сату сылтауымен ол сатып алушылардың ақшасын алдап алып отырған», – делінген облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарламасында.
Алаяқтық әрекет жасаған барлық азаматтар ұсталды. Барлық деректерге қатысты Жамбыл облысының полиция департаменті криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері сотқа дейінгі тергеу амалдарын жүргізуде.