Елімізде жеңілдетілген автонесиенің сомасы ұлғайтылуы мүмкін

27.08.2022 23:05

12 мыңнан аса адам темір тұлпар алыпты

Елімізде жеңілдетілген автонесиенің сомасы ұлғайтылуы мүмкін. Бұл туралы Үкімет басшысының бірінші орынбасары Роман Скляр мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Оның айтуынша, «Өндірушінің кеңейтілген міндеттемелері» операторындағы 220 миллиард теңгенің 100 миллиарды жеңілдетілген автонесиелеуге жұмсалған. Нәтижесінде 12 мыңнан аса адам темір тұлпарын жаңалап алыпты. Әлі де азаматтар тарапынан өтініш білдіріп, төмен пайызбен көлік алғысы келетіндер қатары көп екен.

«Автонесиелеу бойынша өтініштер көп түсуде, біз бұл соманы ұлғайту мүмкіндігін қарастырып жатырмыз. 30 млрд теңге – ауыл шаруашылығы өндірушілерін жеңілдікпен несиелеуге бағытталған. Олар комбайны, тракторды жылдық 6%-бен бастапқы жарнасыз сатып ала алады. Бұл тәжірибені жалғастыру қажет деп есептеймін», – деді ҚР Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Роман Скляр.