Мегаполисте мұндай бизнес субъектілірінің саны – 450
Алматыда зардап шеккен шағын және орта бизнес өкілдеріне өтемақы төлеу басталды. Бүгін алғашқы екі кәсіпкер төлемін алды. Қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасы бойынша Өңірлік комиссия келтірілген залал сомасын анықтау бойынша жұмысын жалғастыруда, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Александр Ткаченконың ұялы телефон сатумен айналысып жүргеніне 10 жылға жуықтаған. Қаладағы бейберекет кезінде оның дүкенін түгін қалдырмай тонап кетіпті. Бейнекадрлар соның айқын дәлелі. Соның салдарынан келген шығын көлемі 3 млн 200 мың теңге болған. Сөредегі қымбат ұялы телефондар мен компьютерлерді тып-типыл еткен. Мемлекеттің кәсіпкерлерге көмектесетінін білген кезде ол бірден қажетті құжаттарын жинап, орталыққа өткізіпті.
«Екі күн бұрын құжат тапсырғанмын. Қала әкімдігі осынша аз уақыттың ішінде шығынымды есептеп, ақшаны аударды. Осындай сын сағатта бізді ескерусіз қалдырмағаны үшін алғысымды айтқым келеді. Енді жұмысымызды қайта қалпына келтіруді қолға аламыз», - деді кәсіпкер Александр Ткаченко.
Алматыдағы тәртіпсіздік кезінде Александр секілді кәсібіне залал келген 1,5 мыңнан астам адам бар. Тиісті басқарманың есебіне сәйкес, олардың жалпы шығыны 45 млрд теңгеден асады. Олар өтемақы алу үшін infokazakhstan.kz сайтына өтініш қалдыруы тиіс. Бүгінге дейін электронды порталға 400-ден астам өтініш келіп түскен. Кәсіпкерлердің шығынын есептеп, сараптама жүргізу үшін қалада арнайы комиссия жұмыс істейді.
«Кәсіпкерлерге келген шығын көлемінің барлығы республикалық бюджеттен төленеді. Тиісті қаражат бүгін қаланың бюджетіне келіп түсті. Енді кезең-кезеңімен комиссияның оң шешімін алған бизнес иелеріне ақшаны төлей бастаймыз. Қазір құжаты толық 2 адам қаражатын алды. Жұмыс әлі де жалғасады», - деді Алматы қаласы әкімінің орынбасары Мақсат Қиқымов.
Мемлекет тарыпынан берілетін өтемақыны тек шағын және орта бизнес субъектілері ғана иеленеді. Бұл тізімге ломбардтар мен ақша айырбастау орындары да кіреді. Сондай-ақ «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов кімдерге өтемақы төленбейтінін айтты.
«Осы механизімге кім қатыса алмайды. Біріншіден, үлкен бизнес қатыса алмайды. Екіншіден, сақтандыру келісімшартымен залал өтелсе, ақша ала алмайды. Ал залал өтелмесе, онда осы механизмге қатыса алады. Үшіншіден, көлік, яғни транспорт ұрланған кезде қатыса алмайды. Ол тек қылмыстық іс бойынша қарастырылатын сұрақ», - деді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.
Сондай-ақ өтініш берген кәсіпкерлер арасында өз шығынын асыра бағалап, мемлекеттен артық ақша алмақ болғандар да кездесіпті. Ондай пысықайлардың әрекеті толық тексеріліп, сараптама жүргізілетінін айтады мамандар.
Ұлағат Арғын, Сағындық Нарықов, «Алматы» телеарнасы