Мәжіліс депутаты қауіпті мамандық иелеріне зейнет жасын төмендетуді сұрады

10.11.2021 23:09

Қауіпті кәсіппен айналысатын жұмысшылардың көпшілігі түрлі ауруларға шалдығып, зейнет жасына жетпей жатады, дейді Мақсат Раманқұлов

© Sputnik / Болат Шайхинов

Мәжілісмендер қауіпті кәсіптердің жұмысшыларына зейнетке шығу жасын төмендетуді сұрады. Осы тұста депутат Мақсат Раманқұлов Үкімет басшысының орынбасары Ералы Тоғжановтың атына сауал жолдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.        

Мәселен, Қарағандыдағы «Абай» шахтасында болған жағдай секілді аса қауіпті кәсіптердің барлық өкілдеріне әлеуметтік әділеттілік мәселесін тағы да күшейткенін атады. Сол себепті 1 және 2-тізімдерге сәйкес шахтерлер, металлургтер және басқа да кәсіптер үшін зейнетке шығу жасын қайтару қажет деп санайды.  

«Бұрын біздің әріптестеріміздің осыған ұқсас сауалына Еңбек министрлігі зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін азаматтар зейнетақы аннуитетін 40 жастан пайдалана алады, бұл ретте осындай шарттар бойынша төлемдер 50 жастан басталады деп жауап берген болатын. Ресми сайттағы ақпаратқа сәйкес, 40 жастан кейінге қалдырылған зейнетақы аннуитеті үшін минималды жеткіліктілік шегі бүгінгі күні 6 млн теңге деп белгіленді, бұл 5 жыл үздіксіз кәсіби зейнетақы аударымдары болған жағдайда ғана мүмкін», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мақсат Раманқұлов.

Сонымен қатар Мәжіліс депутаты Серік Ерубаев жанар-жағармай мен көмір бағасына қатысты пікір білдірді. Өз сөзінде ол бұған дейін 50-60 теңге тұратын газ бағасының соңғы кезде 120-150 теңгеге дейін шарықтағанын айтты. Тіпті, қойнауы мұнай мен газға толы Атыраудың өзінде газдың құны бір түнде 95 теңгеден 110 теңгеге дейін өскенін сөз етті. Сонымен қатар ол қазан айының соңында авиакеросин тапшылығы болғанын еске салды.  

«Көршілес елдің энергетика министрлігінің көмегімен дизель отыны мен керосиннің мәселесі уақытша жабылды. Бірақ дәл осы жерде «уақытша» деген сөзді естен шығармауымыз керек! Еліміздегі Атырау, Павлодар, Шымкент мұнай өңдеу зауыттарын жаңғыртуға екі триллион теңге жұмсалды. Ендеше аталған зауыттардың жыл сайын жөндеуге тоқтатылуын немен түсіндіреді? Бірақ министрліктің жауабы әрқашан дайын. Егер дизель отыны тапшы болса, оған көршілес елдердің ауыр жүк көліктері кінәлі, ал автогаз жетпесе, оған газбен жүретін көлік санының көбеюі туралы сылтау айтылады», – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Серік Ерубаев.