|
29.09.2020 | 15:08
2317

30 мың ота жасап, 5 мың ғұмырды ажалдан арашалап қалған хирург Нұртас Қазыбаевтың сәуле-ғұмыры

"Халық академигі" атанған Нұртас Қазыбаевты туған күніне қарсы «Сәуле-Ғұмыр» бағдарламасында анасы, туған-туыстары мен достары еске алды

30 мың ота жасап, 5 мың ғұмырды ажалдан арашалап қалған хирург Нұртас Қазыбаевтың сәуле-ғұмыры

 "Халық академигі" атанған белгілі дәрігер-хирург Нұртас Кәкімжанұлы Қазыбаевты туған күніне қарсы «Сәуле-Ғұмыр» бағдарламасында анасы, туған-туыстары мен достары еске алды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Медицина профессоры Алмас Шарманның айтуынша, қысқа ғана медициналық ғұмырында Нұртас Қазыбаев 30 мың ота жасап, 5 мың ғұмырды ажалдан арашалап қалған. Оған қоса, ғылыми дәлелденген жаңалықтарды Қазақстанға әкеліп, өзі еңбек еткен ауруханада енгізген. Өмірінің соңына таман 6 патент алған, соның ішінде іш-құрылыс органдарына лапароскопиялық ота жасау тәсілін алып келген.

Тек біліктілігімен, еңбекқорлығымен ғана емес, адамгершілігімен де елінің сүйіктісіне айналған Нұртас Кәкімжанұлы туралы естеліктер айту үшін «Aлматы» телернасының студиясына анасы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Орынша Қарабалина-Қазыбаева келді.

«Ойы жақсылықтан жаралған бала ғой. Бір күні жұмысқа келсе, күзетшілер отырады ғой. Мына жаққа қараса шарбақтың түбінде бір жігігт жатыр екен. Ана жігіт бүрісіп жатыр дейді. Не істеп жатыр десе, күзетшілер «әй, ішкен адам ғой, жата берсін» депті. Қасына барса, ішін ұстап жатыр екен. Содан кейін ішке алғызады. «Ағай, бұл жерге басқа адамдар кірмейді ғой. Не ақшасы барлар кіреді, не болмаса Үкіметте жұмыс істеген адамдар кіреді. Бұл адамды қалай кіргіземіз?» дейді.  Сол жерде жан сақтау бөліміндегі қыздарға хабарлап «ана адамды жуындырыңдар, жиіркенбеңдер» деп тапсырма береді.  Сөйтсе, жаңағы адамның тасы бар екен. Үйсіз жүрген. Кетерде ана киімдерін апарып тастаңдар керегі жоқ деген ғой. Өзінің алатын ақшасы мардымсыз. Соған қарамастан, костюмін алып, аяқкиімін, жейдесін кидіріп жібергенін қыздар айтты ғой маған. Қайтыс болғаннан кейін мен жансақтау бөлімінде жаттым. Олар да жылайды, мен де жылаймын...», –  дейді анасы.

Сонымен қатар, анасы Нұртас Кәкімжанұлының қалай АҚШ азаматына ота жасағанын, қалай лапароскопия апаратының алынғаны туралы да айтты.

«Жігітке қандай қасиет керек болса, сол қасиеттің бәрі оның бойында бар еді. Лапароскопия деген аппаратты былай алды. 1996 жылы Американың бір бизнесмені ауырған. Америкаға жете алмайтын болғаннан кейін, амалсыздан Нұртасқа келген. Нұртас соған ота жасаған. Ол еліне барғаннан кейін cондағы мықты академиктермен ота дұрыс жасалды ма, жоқ па деп зерттеген. Сонда олар  «отличный операция» деп бағалаған.  Жексенбі тағы да жұмысқа кетейін деп жатыр. Сонда әлгі бизнесмен Америкадан звондады. Ағылшынша сөйлесіп жатты. Біткеннен кейін «Мама, мен жақында бір саудагерге ота жасадым деп айтып едім ғой. Ол маған рахмет айтып жатыр. Енді маған 250 мың доллар ақша жіберетінін айтты», деді.  Сол кезде көлік аласың, тағы үй аламыз ғой дедім.  «Жоқ, мама, дәметпе. Ауруханаға лапароскопия аппарты керек деп едім, ол тоқтап қалды. Сенің өзіңе беремін. Ауруханаңа аппарат алып бермеймін. Бұл ақшаны өзіңе жіберемін. Құжатыңды айт деп тұр», деді.  Сол күні кешке тағы хабарласты. Аппарат алып беретінін айтты. Бүгінде ол аппарат тек хирургияға ғана емес, урологияға, гинекологияа – бәріне көмектеседі», – дейді анасы.

«Сәуле-Ғұмыр» бағдарламасы – ұлтқа еңбегі сіңген тұлғаларға арналған хабар. Әдебиет, өнер, спорт, медицина, қоғам қайраткерлері. Олардың барлығы да өз саласы бойынша еңбек етіп, артына өшпес із қалдырып кетті. Бағдарламаның кейіпкерлері – осындай жандар. Әр хабар белгілі бір кейіпкерге арналып, студияға қонақтар шақырылады, естеліктер айтылады. Бағдарлама әр сенбі сағат 23:00-де эфирге шығады.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир