Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі: Рим Папасы Абайға жүгінді

Ақорда
Ақорда
Әр 3 жыл сайын ұйымдастырылатын съез ертең де жалғасады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VII съезі басталды. Діндарлар бас қосатын шараға 50-ден көп мемлекеттен 100-ден аса делегат келген. Съез бас қаладағы Тәуелсіздік сарайында өтіп жатыр. Биылғы басқосудың басты тақырыбы «Пандемиядан кейінгі кезеңдегі адамзаттың рухани және әлеуметтік дамуындағы рөлі» болмақ, деп хабарлайды Almaty.tv.

Әлемдік және діндер съезі – Қазақстанның пандемиядан кейін халықаралық деңгейде ауқымды алғашқы шарасы. VII съез дұға жасау үшін бір минуттық үнсіздікпен басталды. Содан кейін шараның модераторы Мәулен Әшімбаев Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа сөз беріп, Мемлекет басшысы Қазақстан үшін әлемнің ең құрметті рухани көшбасшыларын бірге жинап, диалог орнату үлкен құрмет екенін айтты. Президент өз сөзінде коронавирус экономика, саясат, әлеуметтік қатынастар сияқты өмірдің барлық саласына қатты ықпал еткенін атап өтті.

«Қырғи-қабақ және өзара сенімсіздік жағдайы халықаралық қатынасқа қайта оралып жатыр. Заманауи сын-қатерлерге нені қарсы қоюға болады? Тарих бұған бір ғана жауап береді. Ол ізгі ниет, диалог және ортақ күш-жігер. Табысқа жетудің басқа кепілі жоқ. Қазақстан кез келген даулы мәселені БҰҰ Жарғысына сәйкес тек қана келіссөз үстелі арқылы шешуді үнемі айтып келеді. Туындаған қайшылықтарды күшпен, қорқытумен немесе санкциялармен реттеу мүмкін емес екеніне сенімдіміз. Мұндай сәттерде гуманистік идеалдарға жүгіну аса маңызды. Олардың басты қайнар көзі дәстүрлі діндер екені даусыз», – деді ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Дін ұлтқа, ұлысқа бөлінбейді. Діннің көздейтіні – мейірімділік пен бейбітшілік. Президенттен кейін сөз алған Рим Папасы жаһандық дінде «Абайдың алар орны ерекше» деп атап өтті. Католиктік шіркеу басшысы қазір қаражатты қаруға емес, білімге салу керегін алға тартты.  Сондай-ақ Рим папасының айтуынша, КОВИД-19 жаһан жұртын теңестірді. Бүгінде көмекке мұқтаж адамдарға қол ұшын созып, көмек көрсету маңызды.

«Бауырлар, дін басылары және мемлекет басшылары! Біз өмір сүріп жатқан жерде талай ұлы адамдар жүріп өткен. Абай да ұлылардың қатарында екені шындық. Қазақтың домбырасы да бейбітшіліктің символы екенін айтқым келеді. «Адамгершілктің негізі – махаббат пен мейірімділік» дейді Абай. Сондықтан бір-бірімізге деген сыйластықты нығайту маңызды. Адамдар мейірімді болуы керек», – деді Рим Папасы Франциск  

Әл-Азхар мешітінің бас имамы Ахмад ат-Тайебтің айтуынша, қазір жаһан жұрты қорқынышта отыр. Себебі климаттың өзгеруі, түрлі жерде болып жатқан орман өрттері мен қалаларды су басу қаупі, мемлекеттер арасындағы саяси қақтығыстар әлемдік экономикаға кері әсерін тигізіп жатыр. Мұндай құбылыстардың барлығы адам қолымен жасалып отырғанын айтқан имам, діни бауырластық осындай түйіні тарқамаған мәселелерді бейбіт түрде шешуге септеседі дейді.  

«Бауырлар, бізге жылжып келе жатқан қауіп біздің түрлі дінді ұстануымыздан емес. Мен әлемдегі барлық ел бір дінді ұстансын демеймін. Тек діннің тамырын үзбей, оның құндылығын арттыру жолында жұмыс істеуге шақырамын. Осындай жиындар діндер арасында диалог орнатуға және көп мәселелерді бейбіт түрде шешуге көмектесетініне сенемін», – деді Әл-Азхардың бас имамы Ахмад Ат-Тайеб

Шара барысында өзге де дін көшбасшылары сөз сөйлеп, дінаралық қатынасты нығайту жолында атқарылуы керек жұмыстарды жіпке тізді. Баяндаманың бірінші бөлігі аяқталған соң, діндер арасындағы диалогты орнатуда қосқан үлесі үшін Астаналық премия табыстау рәсімі өтті. Мәртебелі меймандар жалпы суретке түскен соң, шара әрмен қарай жалғасын тауып, шетелден келген дін басшылары бейбітшілік орнатуда әр түрлі діндердің бірігуі жайында ойларын бөлісті. Айта кетейін, әр 3 жыл сайын ұйымдастырылатын съез ертең де жалғасады.

Өмір Серікбекұлы, Данияр Омар, «Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров