Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы көтерілмейді

01.10.2021 20:08

Биыл жыл басынан бері 380 жәрмеңке өткізіліп, 5 мың тоннаға жуық өнім сатылған

karasayinfo.kz

Алматыда әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасы қымбаттамайды. Бұл туралы бүгін қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Қазір қалада қарақұмық жармасының бір келісі – 361 теңге, жұмыртқа – 48, ал қырыққабаттың келісі 83 теңге болып бекітілген. Бұл бағалар 2022 жылға дейін сақталады деді басқарма басшысы.

«Баға тұрақтылығы әрқашан біздің бақылауымызда. Басқарма мен азық-түлік дүкендері және сауда орындары арасында бағаны көтермеу туралы келісімшарт бар. Кәсіп иелері бұл тауардың өз құнына тек 15% пайыз ғана үстеме қосуы керек. Біз бұл жағдайды әркез мониторинг жүргізу барысында тексеріп отырамыз», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек.

Сондай-ақ қалада апта сайын әр ауданда демалыс күндері азық-түлік жәрмеңкелері өткізіледі. Оған облыстың жақын аудандарының шаруа қожалықтары және мегаполистегі азық-түлік кәсіпорындары қатысады. Тұрғындардың жәрмеңкеде түрлі тағам түрін нарық бағасынан әлдеқайда арзан сатып алуына мүмкіндігі бар. 

Айта кеткен жөн, биыл жыл басынан бері дәл осындай 380 жәрмеңке өткізіліп, 5 мың тоннаға жуық өнім сатылған.