Жоба аясында қаланың ветеринарлық қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңартылады
Алматыда алғаш рет үйсіз жануарларды ізгілікпен реттеу жөніндегі комиссия құрылды. Оның активі арнайы бағдарлама бекіткен. Соның аясында ветеринарлық қызметтің материалдық-техникалық базасы жаңармақ. Ал, зооқорғаушылар изоляторларда ұсталып, кейіннен амалсыз көзі жойылатын мақұлықтардың өмірі үшін алаңдаулы, деп хабарлайды Almaty.tv.
Көкқайнар шағынауданының тұрғыны Шолпан Жұмабаеваны былтыр көшеде кезіп жүрген қабаған ит тістеп алған. Абырой болғанда дереу ем қабылдап үлгеріпті.
«Көшеден өткенімде ештеңке жоқ болатын. Ал, қайтып келе жатқанымда бір ит балтырымнан тістеп алды. Ол ит тістеген күйі қашып кетті. Мен сол күйі иттің иесі кім екенін білмедім», – деді қала тұрғыны Шолпан Жұмабаева.
Тұрғындардың сөзінше, бұралқы иттердің бытырап кетуіне үй иелерінің жауапсыздығы себеп. Кей азаматтар төрт аяқты мақұлықтарды қоқыс сияқты айдалаға апарып тастайтын көрінеді. Содан көшелер мен үй-үйлерді кезіп кетеді.
«Таңертең ерте шыққан кезімде иттер өте көп жүреді. Балаларымызды қауып алған кездер де болды. Енді қазір сабақ басталды, балаларымыз үшін қорқамыз. Таңертең ерте кетіп, кеш келетіні бар», – деді қала тұрғыны Гүлжамал Ибрагимова.
Халыққа қауіп төндірмеу үшін қалада қаңғыбас иттерді аулау бригадалары жұмыс істейді. Оларды ұстайтын уақытша изолятор да бар. Мұнда күніне шамамен 60-80 ит әкелінеді. Бірақ жануарларға үш күннен кейін эвтаназия жасауға тура келеді.
«Кейбір адамдар келіп «барлық жағдайды жасаймыз, дұрыс қараймыз» деп иттерді алып кетеді. Бірақ көп ұзамай сол иттерді қайтадан тауып алып жатамыз», – деді қалалық Ветеринария қызметі қараусыз қалған жануарларды аулау бөлімінің басшысы Неля Пигина.
«Қаңғыбас иттерді мұндай жағдайда ұстап, олардың көзін жою қазір тиімсіз болып отыр» дейді зооқорғаушылар. Бұл мәселені кешенді шешу керек. Осы орайда, қалада алғаш рет жануарлар санын ізгілікпен реттеу жөніндегі комиссия құрылды. Жоба аясында қаланың ветеринарлық қызметінің материалдық-техникалық базасы жаңартылады, тегін зарарсыздандыру мен чиптеу жүргізіледі. Жануарлар қамқорлығымен айналысатын тұлғалар әкімдік тарапынан үйсіз жануарларға осындай назар аударылып жатқанына қуанышты.
«Әрине, жаңа ұстау изоляторы салынса жақсы болады. Жануарларды көп уақыт асырауға мүмкіндік туар еді. Негізі азаматтық кодекске сүйенсек жануарларды біз 60 күнге дейін ұстауымыз керек», – деді «Senim Meirim» қоғамдық қорының құрылтайшысы Зинаида Савенкова-Кушманова.
Бүгінде 45 мың үй жануарына чип орнатылады. Бұл жүйе жоғалған төрт аяқтыларды табуға немесе иесін жауапқа тартуға мүмкіндік жасайды. Сондай-ақ қалада 2024 жылға дейін 28 мың жануар стерилизациялау мен кастрациялаудан өтеді.
«Стерилизациялау мен кастрациялау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жалғасады. 2024 жылға қарай Алматыда 28000 жануар осы процедурадан өтеді. Биыл 4000-ға жуық ит пен мысықты қамту жоспарлануда», – деді қалалық Кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы ветеринария бөлімінің басшысы Әйгерім Жақсылық.
Мамандардың сөзінше, жануарларды ізгілікпен реттеу жұмыстары аясында халықаралық стандарттарға сәйкес келетін қалалық ветеринарлық орталықтың құрылысына инвесторлар тартылмақ.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов, Сағынғали Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы