Бақытжан Сағынтаев қазақ жазушыларына грант тапсырды

19.10.2019 00:36

Алдағы екі ай ішінде тағы 60 адамға қолдау көрсетіледі

пресс-служба акима Алматы

Жарты миллион теңге. Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаев 90 ақын-жазушыға ақшалай грант табыстады. Марапат иелерінің қатарында еліміздің руханиятына аянбай еңбек етіп жүрген Софы Сматаев, Темірхан Медетбек, Исраил Сапарбай сынды белді тұлғалар бар, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Сондай-ақ, кездесуде 20 жыл жөндеу көрмеген Қазақстанның жазушылар үйінің жағдайы да сөз болды. Қазір тендер жарияланып, қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысатын компания анықталып жатыр. Айтулы кездесуде  тағы қандай мәселелер сөз болды? Тілші Жадыра Омаржан толығырақ айтады.

Бүгін зиялы қауым өкілдері Алматы қаласының әкімдігінде бас қосты. Еліміздің тағылымы мол тарихында талай маңызды шешімдер қабылданған қара шаңырақ астында жиналған ақын-жазушылардың көңілдері көтеріңкі.

Жалпы жазушылар одағының бас-аяғы 820 мүшесі бар болса, оның 360-сы Алматыда тұрады. Ұлтымыздың дамуына айтулы үлес қосқан азаматтардың еңбегі елеусіз қалмайды деді қала әкімі. Бұл жолы 90 ақын-жазушы марапатқа ие болса, келесі айда тағы 60-сына ақшалай сертификат табыстылады. Есте болса, қала басшысы тамыз айында Жазушылар үйіне арнайы барып, зиялы қауыммен кездескен еді. Сол кезде ойда жүрген нақты ұсыныстарымен бөлісіп, біраз істі жүзеге асыруға уәде еткен.

«Айтылған нәрсе айтылған күйінде қалмауы керек қой. Оның әрі қарай жасалған іс шараларды көрсету керек. Бүгінде өздеріңізбен соған байланысты кездесіп отырмыз. Енді тағы бір мәселе – ақын-жазушыларымызға айына 30 адамға 500 мыңнан беріп отырсақ дейміз. Біз қаржысын бөлеміз. Ал бірақ кімге беретінін қара шаңырақта отырған өздеріңіз ақылдаса отырып, шешім қабылдаңыздар», - деді Алматы қаласының әкімі Бақытжан САҒЫНТАЕВ.


Ақын жазушылардың қайсысының ақшалай грантқа лайықты екенін одақтың өзі шешкен. Бүгін ерең еңбегімен елге танылған ақын-жазушылармен қоса шығармашылық жолды жаңадан бастаған жастар да қомақты грантқа қол жеткізді. Зиялы қауым өкілдері қаржылай сияпат көңілдерін бір марқайтып тастағанын айтады. Бұл енді арқаны кеңге салмай, қайта еліміздің мәдениет мен әдебиетін дамытуға белсене атсалысуға шақырады дейді ақын-жазушылар.

«Абайдың қара сөздерінде кемел адам сипаты деген бар ғой. Сосын  Әл-Фарабидің «Қайырымды қаланың тұрғындары» бар, біздің қала тұрғындары қайырымды қаланың тұрғындары болуға лайық. Ал енді сол қайырымды қалаға мейірімді әкім келіп жатса, ол елге де, халыққа да бізге де сыйыңыз, құрметіңіз еселеп қайтады. Сіздің сый-сияпатыңыз ар жағында алмақтың да, салмағы бар. Біз енді оны қарап қалмаспыз», - деді  ақын, драматург, «Парасат» орденінің иегері Исраил САПАРБАЙ.

«Әр ғасырда жас таланттарға, жастарға сол елдің билеушісі, әкімі қанаттандырып, көмек беріп отырған. Мәселен, Жүсіп Баласағұниді алсақ та, кешегі әлемнің биік шайыры Гетені алсақ та, сол кісілерге ықпал етіп отырған сол елдің мықты, білімді жоғары билік өкілдері. Сол секілді бізге грант беріліп отыр. Бұл жастар үшін өте үлкен қолдау болады деп ойлаймын», - деді ақын Батырхан СӘРСЕНХАН.

Ел тарихында алар орны ерекше Жазушылар одағының ғимаратына жүргізілетін жөндеу. Бұл жұмыстар басталуға жақын. Қазір компания анықталып, кейін реставрация басталады. Сондай-ақ, келесі жылы «Рухани жаңғыру» және Елбасының «Ұлы даланың 7 қыры» мақаласы аясында драматургиялық шығармаға конкурс жарияланып, жеңімпаздың туындысы қала театрларының сахнасында қойлатын болады. Спектакльге қаражатты қала әкімдігі бөледі.

«Драма саласына, драматургия саласына үлкен конкурс жариялап жатырмыз. Оның қазір біз ережесін анықтап, бекітіп енді сол конкурсты жарияланады. Ол мына қазақ драматургиясын дамытуға бағытталатын үлкен бәйге болмақшы», - деді  Қазақстан Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек ЕСДӘУЛЕТ.

Одан бөлек, кітап шығару мәселесі де басты назарда. Қазір Алматыдағы мектеп кітапханаларының жай-күйі тексеріліп жатыр. Ондағы қор ескіріп кеткендіктен, коллекцияны жаңа шыққан кітаптармен толықтыру жоспарда бар. Қаражат қолбайлау болып жүрген ақын-жазушылардың дүниесін осылай көпке дәріптеу көзделіп отыр.

Жадыра Омаржан, Влад Шишко, «Алматы» телеарнасы