ҚХА Алматыдан Мақтаарал ауданына гуманитарлық көмек жіберді

13.05.2020 02:28

Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Алматы қаласы әкімдігі көмек қорын бірлесе жасақтаған

Бүгін Алматыдан Мақтааралға кезекті гуманитарлық көмек жіберілді. Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Алматы қаласы әкімдігі бірлесе жасақтаған 8 жүк көлігіне су тасқынынан зардап шеккендерге ең қажетті деген заттар тиелген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

98 тонна жүк тиелген көліктерде азық-түлік, құрылыс материалдары, киім-кешек және басқа тұрмыстық заттар бар. Ассамблея төрағасының орынбасары  Жансейіт Түймебаев Мақтааралға бет алғандарға ақжол тілеп, қайырымдылық көмекке атсалысқан этнос өкілдеріне алғыс білдірді.

«Ішінде азық-түлік, күнделікті қажет заттар, құрылысы материалдары, 25 куб ағаш бар. Солардың барлығын жинақтап, мінекей, Түркістан облысына жіберудеміз. Ассамблеяның Мақтаарал аудандағы бауырларымызға деген өздерінің көмегі деп есептеуді санаймыз», - деді Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Жансейіт ТҮЙМЕБАЕВ.

Игі іске мұрындық болған этнос өкілдері достық, бауырмалдық сезім бәрінен жоғары құндылық екенін сөз етті. Айтуларынша, су тасқынынан зардап шеккендерге арналған көмек мұнымен тоқтамайды дейді.

«Халқымыздың қуанышы – біздің де қуанышымыз. Үкімет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жаңа үйлер салуға кірісті. Сол жердің халқының қуанышы – біздің де үлкен қуанышымыз. Осындай кезде бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, ұйғыр халқының көмек бергені үшін өзімізді бақытты санаймыз», - деді Ұйғыр бірлестігінің мүшесі Долкунтай АБДУЛХАЛИЛ.

Ассамблея 4 мамырда Мақтааралдағы төтенше жағдайға байланысты гуманитарлық көмек көрсету акциясын бастап, этно-мәдени бірлестіктерден 23 миллион теңгеден астам қаржы жиналған. Сонымен қатар, акция басталғалы бері бұдан бөлек 180 тонна қажетті заттар апат болған жерге жөнелтіліпті.

Қуан Нұрақын, Рашид Шүкірәлиев, «Алматы» телеарнасы