Ол жеке кәсіпкердің өкілінен 700 мың теңге алған
«Еңбек жолы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнына қарасты «Еңбек-Ақтөбе» филиалы директорының міндетін атқарушы пара алды деген күдікке ілінді. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметтің мәліметінше, қазіргі уақытта күдіктінің үстінен сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Ол Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласындағы саябақты абаттандыруға бюджет қаражатын аудару кезінде жалпы қамқорлығы үшін жеке кәсіпкердің өкілінен 700 мың теңге сомасында қаражат алды деп айыпталып отыр. Күдіктінің кінәсін мойындауына және қорғаушысымен бірге келетіндігіне кепіл беруіне байланысты процессуалдық ұстау шарасы қолданылған жоқ. Күдікті кінәсінің деңгейі туралы түпкілікті шешімді сот шығарады.