Банктер несиесін 90 күн төлей алмағандарға қарыз бермейді

07.03.2024 00:52

Елде 18 бен 21 жас аралығындағы 500 мыңға жуық адамның тұтынушылық несиесі бар

Almaty TV

Қазақстанда студенттерге кредит берілмеуі мүмкін. Яғни, ресми табысы жоқтар енді несие ала алмайды. Мәжіліс депутаттары бүгін заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжат бойынша қарызы 90 күннен асып кеткен өзге азаматтарға да кепілсіз тұтынушылық несие берілмейді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі. 

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мадина Әбілқасымованың есебінше, елде 18 бен 21 жас аралығындағы 500 мыңға жуық адамның тұтынушылық несиесі бар. Оның 47 мыңы проблемалық кредит. Яғни бұл азаматтар жоғары оқу орнында оқып жүріп, бірнеше банктен қарыз алып, онысын төлей алмай қалған. Енді студенттерге несие алу қиындамақ.

– Жастар ресми түрде тіркелген табысы болса ғана қаржы ұйымдары несие бере алады. Бұл –18-21 жас арасындағы азаматтарға арналған шектеу, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

Осы заң жобасын талқылау кезінде депутаттар студенттерге мүлде кредит бермеу керек екенін алға тартыпты. Алайда Мадина Әбілқасымова жұмыс тобында жастарға несие бермей қоюды дұрыс емес деп санап, осындай шектеу енгізуді жөн көрген. Сондай-ақ қарызын төлеу мерзімі 90 күннен асып кеткен азаматтарға кепілсіз тұтынушылық кредит берілмейді. Сонымен қатар микроқаржы ұйымына қатысты да өзгерістер бар.

– Банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін барлық өтелмеген тұтынушылық кредит бойынша төлем мерзімін кешіктіру 90 күннен асқан соң, сыйақы есептеуге тыйым салынады. Проблемалық кредиттерді реттеу рәсімін іске асыру арқылы азаматтардың проблемалық берешек деңгейін азайту - өте маңызды шара, – деді ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Үнзила Шапақ.

Депутаттың айтуынша, соңғы жылдары банктер мен микроқаржы ұйымдарында балансын тазарту үшін жеке тұлғалардың проблемалық кредиттерін коллекторларға айтарлықтай жеңілдікпен беру практикасы қалыптасқан. Сондықтан қарыз алушылардың мерзімі өткен берешектерін коллекторлық компанияға сатуға мараторий енгізілмек.

– Қарыз алушылардың мерзімі өткен берешекті реттеу құқығын қорғау үшін банктер мен микроқаржы ұйымдары азаматтардың кредиттерін төлем мерзімі өткен кезден бастап 24 айдан соң және кредитор берешекті реттеу рәсімдерін жүргізгеннен кейін ғана коллекторлық агенттіктерге сатуына рұқсат беру ұсынылады, – деді ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрағасы Мәдина Әбілқасымова.

2019 жылы Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен елде 300 мыңға жуық адамның несиесі кешірілген. Мәдина Әбілқасымованың айтуынша, қарызы кешірілген біраз адам тағы да кредит алып, онысын төлей алмай, қара тізімге екінші рет еніп кетіпті. Сондықтан бастамашылардың сөзінше, бүгінгі заң жобасы осындай жағдайлардың қайталанбауы үшін дайындалған.

Өмір Серікбекұлы, Нұрлан Өтегенов, Дастан Темірбекұлы, «Алматы» телеарнасы, Астана

Оқи отырыңыз: Қазақстанда 8 наурыз күні әйелдерге 1 миллион теңге берілетін болды