Құжаттарға өзгерту немесе толықтырулар енгізудің жолдары egov.kz сайтында көрсетілген
Қазақстандықтар енді аты-жөнін онлайн өзгерте алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Уақыт кетіріп Халыққа қызмет көрсету орталығына барудың қажеті жоқ. Растайтын құжаттар болса жеткілікті, Электрондық үкімет порталына кіріп, үйден шықпай-ақ шаруаны бітіре бересіз. eGov-тағы қызметтер қатарын арттырған тапқырлар фамилия ауыстырудан бөлек, тағы басқа да мүмкіндіктер ұсынған екен.
«Электрондық үкімет порталында өздері жергілікті негіздері болған жағдайда және мүдделі тұлғалар арасында дау болмаған кезде құжаттарға жоспарлы өзгеріс енгізуге өтініш беруге болады», – деді «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ баспасөз хатшысы Динара Мәжитова.
Құжаттарға өзгерту немесе толықтырулар енгізудің жолдары egov.kz сайтында көрсетілген. Алайда қызметті онлайн алуға болатынын көп азамат біле бермейді дейді мамандар.
Азаматтық хал актілерінің жазбасына өзгерістер, толықтырулар мен түзетулер енгізуге өтініш беру үшін алдымен eGov порталында авторизациядан өтіп, қызмет түрін, сосын куәлік беретін Халыққа қызмет көрсету орталығының бір филиалын таңдайсыз. Содан кейін отбасы жағдайы мен табыс көзін көрсету қажет. Кейін актілік жазбаның нөмірі мен тіркелген күнін көрсетіп, оған өзгерістер енгізіледі. Қандай өзгерістер мен түзетулер және толықтырулар қажетін таңдаған соң, оны растайтын құжатты тіркейді. Соңында төлем жасап, өтінішке электронды түрде қол қояды.
Жолданған өтінішті тиісті мамандар майшаммен қарайды. Құжатты өзгерту үшін салынған тиісті қағаздың барлығы тексеріледі дейді Азаматтық xaл актілерін тіркеу бөлімінің өкілі.
«Электрондық үкімет арқылы қазір неке қиюға, туу туралы куәлікті және қайтыс болу туралы құжатты тіркеуге, неке бұзуға өтініштер түсіп жатыр. Қазір ең көп түсетіні - осы неке қию мен туу туралы куәлікті тіркеу. Өтінішке бізге түскеннен кейін, біз қарастырып заң аясы негізінде орындап, дайын құжатты ХҚКО-ға жібереміз. Сол жақтан дайын құжатты алып кетеді», – деді Жетісу аудандық АХАТ бөлімінің басшысы Назым Жанаева.
Айта кететін, бұл жаңартулар Президенттің бюрократиядан арылту жөніндегі Жарлығы аясында жүзеге асырылды. Қызметтер Әділет және Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің, Мемлекеттік қызметтер Комитетінің және «Ұлттық ақпараттық технологиялар» акционерлік қоғамының ақпараттық жүйелерінің интеграциясы арқасында қолжетімді болып отыр.
Оразай Нұртайұлы, Жақсылық Тілепберген, «Алматы» телеарнасы