СҚО-да күре жолдарды су шайып кетті

03.04.2024 в 20:08

Оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылды

Солтүстік Қазақстан облысында су басқан автокөлік жолдарының саны 15-ке жетті. Оқиға орнында кезекшілік ұйымдастырылып, жағдай бақылауға алынды, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

СҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, таңертеңгі сағат 9.00-дегі жағдай бойынша облыстық маңызы бар екі, аудандық маңызы бар 13 жол учаскесін су басты. Қазіргі уақытта арнайы белгілер қойылды. Жергілікті атқарушы органдар және полиция қызметкерлері кезекшілік атқарып жатыр.

Тұрғын үйлерге су кірмеуі үшін өткен бір тәулікте көшелер мен аулалардан 34 мың текше метрден астам су сорылды. 3 мың 600 м арық тазартылып, су жолына 3 мыңнан астам құм толтырылған қап қойылды.

Тайынша, Тимирязев, Ғ.Мүсірепов, Уәлиханов және Айыртау аудандарында өңірдің және Түркістан облысының төтенше жағдайлар департаментінің топтық бөлімшелері - 114 адам жұмыс істеп жатыр, Олар қажетті техникамен, мотопомпалармен қамтылған.

Бұған дейін Есіл өзенінің су деңгейі көтеріліп келе жатқанын айтқан едік.

СҚО-да су тасқынының шарықтау шегі осы аптаның соңына болжанған.

Оқи отырыңыз: Орал қаласында Шаған және Деркөл өзендері қауіпті деңгейден асып кетті