Қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдызы, өлең өнерінің мұзбалағы Мұқағали Мақатаевтың 90 жылдығына орай республика көлемінде түрлі байқаулар мен жыр эстафеталары ұйымдастырылуда. Ал кеше ақынның кіндік қаны тамған киелі Қарасаз төрінде ел-жұрты мен зиялы қауым өкілдері жиналып, рухына тағзым етті. Толығырақ Almaty.tv тілшісі бейнематериалында.
«Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам, оған жұртым елеңдестің.
Өлсе, өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім!». Ақын жырын қастерлеп, өлеңін пір тұтқан оқырман үшін Мақатаев мәңгілік тақырып. Мұқағалидың «Ғасыр ақыны» атануы да кездейсоқ болмаса керек. Күні кеше ақын ауылында өткен еске алу кеші соның дәлелі. Мерекелік жиында өлең оқылып, ән айтылды. Мұзбалақтың мөлдір әлеміне оқырман қауым саяхаттап қайтты.
«Шідерілеулі кезде, сондай мынау, қалыптан, шеңберден шығуға болмайтұғын замандарда жұрттың ішіне толған зар-мұңын, шер-шеменін Мұқағали өзінің жеке жан күйінішімен астастырып жырлап, жаза білді», – деді Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет.
Ақынның өзі айтпақшы, «үйрек ұшып, қаз қонған» Қарасазда Мұқағали Мақатаев атындағы музей бар. 90 жылдыққа жиылған жұрт мұражайға да бас сұғып, ақынның өмір жолымен, сүрлеу даңғылымен танысты. Мұнда Мұқағали киген пальто, отырған үстел, ұстаған портфель де сақтаулы.
«Қазақстан ғана емес, жұмыр жерде жер басып жүрген қай жерде қазақ бар, соның бәрі біледі. Мұқағали өзі айтпақшы, «Мен 21 ғасырдың құрдасымын, мүмкін одан арғысының да», дейтіні бар ғой. Сол сияқты Мұқағали – қазақ бар жерде мәңгі жасайтын мәртебелі тұлға, сөз патшасын тағына қойған ерекше дарын», – деді ақын Бақыт Беделхан.
Айтулы кешке ақынның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Бақытгүл Мақатаева да қатысты. Мұқағали шығармашылығының негізінде ұйымдастырылған түрлі байқаулардың қорытындысы жарияланып, жеңімпаздар марапатталды. Айта кетейік, мерекелік шараның соңында ақынның жыр жинағының тұсауы кесілді.
Мадина Оқас, «Алматы» телеарнасы