Жабай өзеніндегі су деңгейі көтерілді
Ақмола облысының Атбасар қаласынан тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр. Жабай өзеніндегі су деңгейінің көтерілуіне байланысты ескерту жүйесі іске қосылды, деп хабарллайды Almaty.tv.
Өңірлік төтеншеліктердің ақпарына сай, қазір оқиға орнында азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің 400-ден астам адамы мен 100 бірлік техникасы жұмыс істеп жатыр. Мотопомпалардың көмегімен еріген суларды сору жұмыстары жүргізілуде.
– Жабай өзенінен су тасу фактілері тіркелді. Сондықтан су тасқынына қауіпті жерлерде тұратын азаматтар, үйіңізден уақытша шыға тұруларыңызды сұраймыз. Ауданымызда жергілікті деңгейде төтенше жағдай жарияланды. Бірнеше мектепте эвакуациялық пункттер бар. Ол жерде тегін тамақ қарастырылған. Су тасқынынан зардап шеккендерге өтемақы берілетінін де айта кетейін, – деді Атбасар ауданының әкімі Аманбек Қалжанов.
Айта кетейік, ел бойынша тасқыннан зардап шеккен әр отбасыға 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы өтемақы беріледі. Қаржы министрлігі қираған үйлер Үкімет резерві есебінен қайта салынатынын мәлімдеді. Өңірлерге қаражат Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі арқылы бағытталады. Жөндеуді қажет ететін баспаналар әкімдіктердің қаражаты есебінен қалпына келтіріледі. Ал залалды бағалауды әкімдіктер су кеткеннен кейін бірден жүргізеді.
– Саяжай жалғыз тұрғын үй болса немесе зардап шеккендер халықтың әлеуметтік осал топтары санатына жатса, әкімдіктер баламалы тұрғын үй беру мүмкіндігін қарастырады. Ауыл шаруашылығы жануарлары бойынша шығындарды өтеу жергілікті атқарушы органдардың қаражаты есебінен жүргізіледі, – деді ҚР Қаржы министрлігінің баспасөз хатшысы Арай Дәулетқызы.
Оқи отырыңыз: Қазақстандағы су тасқыны: 96 мыңнан астам адам құтқарылды