Алматыда жол сапасын бақылаушылар жиналды

27.11.2023 20:09

Әр өңірден келген мамандар қаланың әсем жерлерін арады

Almaty.tv

Алматы қаласында Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы мамандарына арналған семинар өтті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Үш күндік іс-шараға орталықтың әр аймақтағы инженерлері мен жүргізуші қызметкерлері қатысты. Арнайы оқу семинар Жол активтерін басқару жүйесі бойынша өтті. Сонымен қатар, жиын барысы сапа орталығының жылдық жұмысын қорытындылау мен алдағы атқарар шараларға жоспар құру бағытын қамтыды.

Аталған оқу жиыны Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы Алматы облыстық филиалының базасында ұйымдастырылды. Оған Алматы қалалық филиалының мамандары да қатысты. Филиалдың инженері Сатқанова Гүлшат пен жүргізуші маман Абасов Рустам оқу семинардың белсенді қатысушыларының бірі болды. Рустам Абасов "тұңғыш ұйымдастырылған семинардан түйгенім көп" дейді.

- Ерекше іс-шара болды. Үш күн бойына құрылған бағдарлама да мазмұнды әрі қызықты. Әр өңірден келген әріптестермен жақын танысып, тәжірибе алмасып, мәре-сәре болдық. Қызмет барысында ерекше нәтиже көрсеткен әріптестер марапатқа ие болды. Жол сапасын тексеру мен бақылауда жүргізушілердің маңызды рөлі барын сезіндік,- деді жылжымалы жол зертханасының жүргізушісі.

Сонымен қатар әр филиалдың инженер мамандары да үш күн бойы түрлі жаттығу мен тапсырмаларды орындап, семинарға белсенді ат салысты. Орталық аппарат ұйымдастырған мұндай семинар енді дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын болды. Оқу жиынының соңғы күні әр өңірден келген жолшы мамандар Алматының әсем жерлерін аралап бой сергітті.

Оқи отырыңыз: Әуезов ауданында қанша көше жөнделді