«Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясының кезектен тыс ХХ съезі өтіп, алдағы президент сайлауына партия атынан түсетін үміткердің есімі белгілі болды, деп хабарлайды Almaty.tv.
Партия төрағасы Әли Бектаев кезектен тыс саяси кеңестің шешімі бойынша президент сайлауына үміткер ретінде Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Жигули Молдахалықұлы Дайрабаев ұсынылатынын айтты.
«Ауыл» партиясының саяси кеңесі кезектен тыс президент сайлауында президенттікке кандидат ретінде партияның атынан Қазақстан фермерлер қауымдастығының басқарма төрағасы Дайрабаев Жигули Молдахалықұлының кандидатурасын съез қарауына ұсынады», - деді Әли Бектаев.
Съезге қатысқан делегаттар Жигули Дайрабаевтың кандидатурасын бірауыздан мақұлдап дауыс берді.
«Өзіңіз білесіз, мен осы президенттікке үміткер болмай тұрып-ақ, осы мәселелерді көтеріп жүретінмін. Ауыл шаруашылығы мәселен, ауылдан жастардың барлығы қалаға кетіп жатыр. Ауыл шаруашылығында еңбек өтілі төмен. Бұрын өздеріңіз білесіздер, ұйымдасқан шаруашылығы болса, қазір бізде 280 мың 300 мыңға жуық шаруашылықтың әр түрлі формадағы шаруашылығы жұмыс жасайды», – деді «Ауыл» партиясының мүшесі Жигули Дайрабаев.