Алматы қаласындағы Қарулы күштердің Райымбек батыр атындағы десанттық-шабуылдау бригадасы ротасының старшинасы 3-сыныпты сержант Сейітжан Асылбековтың отбасында үшем дүниеге келді, деп хабарлайды Аlmaty.tv тілшісі ҚР Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Наурыз мейрамы қарсаңында Алматы қаласының перинаталдық орталығынан ол зайыбы мен үшемін, яғни екі ұл мен бір қызын шығарды.
Сейітжан мен Минира Асылбековтардың отбасында он бір жасар қызы Диана өсіп келеді. Ұзақ уақыт бойы ата-аналар екінші баланың болуын армандаған. Енді Минара үшемді дүниеге әкелді. Жұбайлар ұлдарға Сұңқар мен Заңғар, ал қыздарына Сырғалым деген ат қойды.
- Әйелім үшемге аяғы ауыр екенін білгенде қатты таңқалдым. Менің де, оның да тұқымында егіздер бар. Бірақ ешкімде үшем жоқ екен. Мен бақыттымын. Ішімнен ұл болса екен деп тіледім. Ойымдағы тілегім қабыл болып, бірден екі ұл, бір қыз өмірге келді. Енді осындай отбасымның алдында үлкен жауапкершілік тұрғанын да сеземін, – деп қуанышын айтты 3-сыныпты сержант Сейітжан Асылбеков.
Үшемнің дүниеге келуі отбасының өмірін түбегейлі өзгерткендей. Енді Асылбековтар жатақханадағы бөлмеден кең пәтерге көшеді. Ал сәбилерді қарауға әжелері мен әскери қызметшілердің отбасы мүшелерімен жұмыс қызметі көмектеседі.
Оқи отырыңыз: Ұлттық спорт күні: Алматының оқушылар арасында тоғызқұмалақтан жарыс өтті