Алматыда Қазақстан мұсылмандар діни басқармасы Ғұламалар кеңесінің кезекті мәжілісі өтіп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жиында әскери борышты өтеу мен қауесет таратудың үкімі, шашты трансплантациялау мен жануарлардың ағзасын адамға салу, мемлекет пен жеке тұлғаның мүлкіне қолу сұғудың үкімі сынды өзекті мәселелер талқыланды. Кеңестен соң арнайы пәтуа қабылданатын болады. Одан бөлек, отырыста «Ислам энциклопедиясы», «Қазақ тіліндегі діни сөздердің орфографияық сөздігі» секілді жаңа кітаптардың тұсауы кесілді.
«Әрбір адам өзінің өсіріп отырған ұл-қыздарын еліне адал болуға және әскери ер-азаматтар әскери борышын өтеп шығу үшін бала кезінен тәрбиелеу керек», - деді философия ғылымдарының докторы Ықтияр Палтөре.
Еліміздің бас мүфтиі Наурызбай қажы Тағанұлының айтуынша, ер-азаматтардың Отан алдындағы борышын өтеу мәселесі қаңтар оқиғасынан кейін туындаған басты түйткіл. Осыған қатысты пәтуа 2 күндік жиында нақты шешімін таппақ.
«Әрине, қаңтар оқиғасының әсері де, одан бұрынғы әртүрлі себеп те бар. Соның бәрін жинақтап келген кезде ішімізді даудан, сыртымызды жаудан қорғау үшін қазақ еліндегі ер-азаматтардың Отан қорғау жолындағы құлшынысын арттыру мақсатында осы пәтуаны қарастырып жатырмыз», - деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының бас мүфтиі Наурызбай Қажы Тағанұлы.