«Қазақстанның үздік тауары»: Алматыда отандық өндірушілердің көрмесі басталды

29.07.2022 20:10

Өңірлік байқау 3 күнге созылады

Almaty.tv

Алматыда отандық өндірушілердің көрмесі басталды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Өңірлік байқау 3 күнге созылады. Осы аралықта алматылық кәсіпкерлер өнімдерін тұтынушыларға таныстырып, ерекшеліктерін көрсетуі керек. Үздік деп танылғандар республикалық байқауға жолдама алады.

Бүгінгі отандық өндірушілердің көрмесіне қатысуға 74 кәсіпкер өтінім білдірген. Олардың арасында сауда, қызмет көрсету, машина жасау, металлургия, тамақ және жеңіл өнеркәсіп маманы бар. Алматыда 295 мыңнан астам шағын және орта бизнес жұмыс істейді. Мамандардың айтуынша, көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 28 пайыз артқан. Байқау отандық кәсіпкерлердің өнімін көпшілікке жарнамалауға мүмкіндік береді.  

«Кәсіпкерлер еңбегімен, күшімен нарыққа кіруге тырысады. «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасы мен Үкіметтің қазақстандық өнімді жарнамалауға  мүмкіндік жасауы нарыққа тезірек еніп, көпшілікке ақпар тарауына ықпал етеді. Үкіметтің бағытты дұрыс деп білеміз», – деді кәсіпкер Думан Изтур.

Айта кетейік, көрме нәтижесі жексенбіде белгілі болады. Жеңімпаз атанған кәсіпкерлерге елордада өтетін республикалық байқауға жолдама беріледі. Еліміздің үздік тауар иесі Президенттің қолынан «Алтын сапа» марапатын алады.

«Қазақстанның үздік тауары» деген атаққа ие болу мәртебе деп ойлаймыз. 4 жыл бойы осы брендті қолдана алады. Өз өніміне,  мәселен тағам болса, қорабының сыртына «Қазақстанның үздік тауары» деп жаза алады», – деді «Атамекен» қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры Айтуар Қошмамбетов.

Байқау мақсаты – кәсіпкерлерді қолдау. Отандық өнімдерді әлемдік нарыққа шығару және қоғам арасында кеңінен таныстыру. Тауарлар көрмесі елімізде 2006 жылдан бері дәстүрлі түрде өткізіліп келеді.

Ұлағат Арғын, Сағынтай Мұңайтпасов, «Алматы» телеарнасы